796 неке бұзылды

Шымкент қалалық Әділет басқармасы АХАТ бөлімі бастығының міндетін атқарушы Әбдрахман Абдулла
Шымкент қалалық Әділет басқармасы АХАТ бөлімі бастығының міндетін атқарушы Әбдрахман Абдулла
Шымкент қалалық Әділет басқармасы АХАТ бөлімі бастығының міндетін атқарушы Әбдрахман Абдулла

Шымкент қаласы бойынша 2013 жылдың 6 айында 19630 акт жазбасы тіркелген. Оның ішінде тууды тіркеу бойынша – 11436, неке қию – 3180, неке бұзу – 796, қайтыс болу – 2308, әке болуды анықтау – 1471, бала асырап алу – 100, тегін, атын, әкесінің есімін өзгерту – 175 , акт жазбасындағы қатені жөндеу – 164 акті тіркелген.

Шымкент қалалық Әділет басқармасы АХАТ бөлімінің халыққа ұсынатын қызметі жайында газетімізде аз жазылып жүрген жоқ. Алайда, азаматтық хал актілерін тіркеу, рәсімдеу, жіберілген қатені жөндеу туралы білгісі келетін оқырмандарымыз редакциямызға жиі қоңырау шалады. Осы орайда, бізге хабарласқан оқырмандардың сауалына Шымкент қалалық Әділет басқармасы бастығының орынбасары Әбдрахман Абдулла жауап берді.

Сұрақ:

Гүлнәр: – Жолдасымыз екеуміз жақында кішкентайлы болдық. Бірақ, біз заңды түрде некеге тұрмағанбыз. Енді, күйеуім перзентіне өз тегін беру үшін баланы асырап ала ма?

Жауап:

– Егер сіз балаңызға жалғызбасты ана ретінде туу туралы куәлік алып қойған болсаңыз, бұл ретте баланың туған жеріндегі немесе ата-анасының, яғни сіздердің тұрғылықты жері бойынша азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) мекемесіне барып, әке болуды анықтау туралы бірлесіп өтініш жазасыздар. Бұл асырап алуға жатпайды. Баланы асырап алу тек сот шешімі негізінде жүргізіледі.

Сұрақ:

Айжан: – Жолдасыммен заңды некедеміз. Дегенмен, белгілі бір себептерге байланысты баламды өз тегіме жазғым келеді. Заң жүзінде мүмкін бе? 

Жауап:

– ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 63 бабы, 3-тармағына сәйкес баланың тегі ата-анасының тегімен айқындалады. Әке-шешесі өзара келісіп, перзентіне өз тектерін беруге құқылы.

Сұрақ:

Кәмшат: – Менің аяғым ауыр, айы-күнім жақындап қалды. Бұйыртса, баламның есімін «Әл- Фараби» қойсам деймін. Естуімше, бізде жаңа туған балаға екі ат беруге болмайды. Әлде осылай жазуға мүмкіндік бар ма?

Жауап:

– ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 63 бабы, 2-тармағына сәйкес, есім бөлек жазылған жағдайда, қосарланған ат беруге рұқсат етіледі, тек ол екі есімнен аспауға тиіс. Яғни, ұлыңызға «Әл-Фараби» деп ат қоюға болады.

Туу туралы куәлікті қайта рәсімдеу үшін мемлекеттік баж салығы – 865,50 теңге, неке қию –1731 теңге, екі жақтың келісімі бойынша неке бұзу – 3462 теңгені құраса, кей жағдайларда сот шешіміне байланысты айппұл мөлшерінің сомасы өзгеріп отрырады.

Сұрақ:

Роза: – Тұрмысқа шыққаннан кейін мен жұбайымның тегін алдым. Алайда, жеке куәлігімде, диплом мен барлық құжаттарымда өз тегім жазылған. Құжаттарымды жөндеу үшін не істеуім керек? Құжаттарды қайта рәсімдеу үшін көп уақыт пен қаражат керек пе? 

Жауап:

– ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 257 бабының 10-тармағына сәйкес некеге тіркелген кезде жұбайыңыздың тегіне жазылған болсаңыз, сіз міндетті түрде өзіңіз тұратын жердегі Халыққа қызмет көрсету орталығына барыңыз. Алдымен неке қию құжаты бойынша жеке куәлігіңізді ауыстыруыңыз керек, қалған құжаттарды (үй кітапшасы, диплом, аттестат т.б) ауыстырудың қажеті жоқ. Бұл тегін, атын, әкесінің атын өзгерту туралы қолданыстағы Заң бойынша 1 ай мерзімде қаралады. Төленетін мемлекеттік баж салығы – 3462 теңгені құрайды.

Сұрақ:

Лилия: – Менің жұбайым – Молдавия азаматы. Мен Қазақстан азаматшасымын. Осыдан бірнеше ай бұрын өмірге баламыз келді. Туу туралы куәлікті рәсімдеу барысында «әкесінің ұлты» деген бағанға сызықша қойылған. Біз енді не істеуіміз керек? 

Жауап:

– Шетел азаматтарының құжатында ұлттары көрсетілмеуіне байланысты, баланың туу туралы куәлігіндегі «әкесінің ұлты» деген бағанаға сызық қойылады. Ал, ҚР «Неке және отбасы туралы» заңының 65-бабы бойынша баланың ұлты оның ата-анасының ұлтымен айқындалады. Егер ата-анасының ұлты әртүрлi болса, ол баланың қалауы бойынша оған жеке куәлiгi немесе төлқұжат берiлген кезде әкесiнiң немесе шешесiнiң ұлты жазылады. Бұл жағдайда баланың әкесіне оның ұлтын көрсететін қандай да бір құжатты ұсынуы керек. Айталық, ол оның туу туралы куәлігінің көшірмесі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда куәліктің көшірмесі Молдавиядан расталуы тиіс. Сондай-ақ, егер дәл осы күнде баланың туу туралы куәлігінде «әкесінің ұлты» деген бағанда сызықша тұрса, онда өзгерту тек туу туралы куәлікте ғана емес, акт жазбасында да жасалуы тиіс.

33-008

Сұрақ:

Мақсат: – Ата-анам менің тегімді бабамның атына жаздырған. Қазір мен оны атамның атына ауыстырғым келеді. Бұл мүмкін бе? 

Жауап:

– Әрине, Қазақстан Республикасы азаматтарының тегiн, атын, әкесiнiң атын өзгертуiне 16 жасқа толғаннан кейiн рұқсат берiледi. ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодесінің 257 бабы 11-тармағына сәйкес тегіңізді атаңыздың (әкесі немесе шешесі жағынан) атына өзгертуге болады. Тегiн, атын, әкесiнiң атын өзгертудi және оны тiркеудi арыз берушiнiң тұрғылықты жерiндегi азаматтық хал актiлерiн жазу органдары жүргiзедi. Ұлттық дәстүрге байланысты әкесінің немесе атасының атын тегіне жаздырту тегін ауыстыруға арналған дәлелді себептер болып табылады.

Сұрақ:

Мейіржан: – Мен Шымкент қаласы, Сайрам ауданында тіркелгенмін. Қалыңдығым Қазығұрттық. Некеге тұру үшін қайда барып арыз береміз?

Жауап:

– ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 221 бабы бойынша сіздер республикамыздың кез келген азаматтық хал актілерін тіркеу мекемесіне барып, өтініш бере аласыздар.

Сұрақ:

Жансая: – Тұрмысқа шыққаннан кейін күйеуімнің тегіне ауыстым. Тұңғыш баламыздың тууын тіркеу кезінде әкесі екеумізге ортақ текті жаздырғанбыз. Енді, қазақтың ұлттық дәстүріне сәйкес, сәбиімізді атасының атына жаздырғымыз келеді. Бұл мүмкін бе?

Жауап:

– Әрине, мүмкін. Біздің елде ұлттық дәстүр бойынша баланың тегін атасының атына жазу мүмкіндігі бар. Ол үшін бала тіркелген жердегі АХАТ бөліміне өтініш жазасыз. Сондай-ақ, ата-аналардың жеке куәліктерінің көшірмелері, олардың неке қию туралы куәлігінің көшірмесі, баланың туу туралы куәлігінің түпнұсқасын АХАТ бөліміне өткізуіңіз керек. Құзырлы мекеме сіздің өтінішіңізді 15 жұмыс күні ішінде қанағаттандырады.

Сұрақ:

Мақпал: – Менің бірінші некеден туған қыздарымның тегі өз әкесінің атына жазылған. Қазір екінші рет тұрмыс құрдым. Одан балаларым бар. Үлкен қызым кәмелет жасына таяп қалды. Тұңғышымның тегін кейінгі күйеуімнің тегіне ауыстырғым келеді. Ол үшін қандай құжаттар жинастыруым керек?

Жауап:

– Қазақстан Республикасы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 64-бабының, 4-тармақшасына сәйкес, егер ата-аналары некенің (ерлі-зайыптылықтың) бұзылуын тіркеуші органда рәсімдей отырып, бөлек тұрса және бала өзімен бірге тұратын ата-анасы оған өзінің тегін бергісі келсе, тіркеуші орган бұл мәселені ата-аналарының екіншісінің пікірін ескерместен, баланың мүдделеріне орай шешеді.

Сұрақ:

Сауле: – Күйеуім қылмыс жасап, түрмеде отыр. Жас өмірімді оны күтумен өткізгім келмейді. Айтыңызшы, мен ажыраса аламын ба?

Жауап:

– Әрине, ол үшін сіздің қолыңызда заңды күшіне енген соттың үкімі болуы керек. Сонымен бірге жолдасыңыз жазасын өтеп жатқан жердегі лауазымды басшы оның ажырасуға келісімі мен қолы қойылған өтінішін куәландыруы қажет. Толығырақ мағлұмат алу үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша АХАТ бөлімінің мамандарынан кеңес ала алуға болады.

Дайындаған – Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ