«Ауылды қаламен теңестіргім келеді»

Зина Сарыпбекова Төле би ауданы Аққұм ауылы округінің әкімі

Ауылдық билікті тізгіндегендердің арасында әйелдердің саны артты. Егер осыған дейін облыста небәрі екі әйел ауыл әкімі болып тағайындалған болса, сайлаудан соң олардың саны 8-ге жетті. Солардың бірі- Зина Сарыпбекова Төле би ауданы Аққұм ауылы округінің әкімі болып сайланды. Ол еңбек жолын ердің шаруасы – дәнекерлеуші болып бастаған. Соңғы жылдары аудандық әкімшілікте жауапты қызметтерді де атқарып, енді әкімдікті қолға алып отыр. Зина ханым істің біссмілләсін тазалықтан бастапты. Ауылдың тұрмысын қаладағымен теңестіру мақсаты бар.

Зина Сарыпбекова Төле би ауданы Аққұм ауылы округінің әкімі
Зина Сарыпбекова Төле би ауданы Аққұм ауылы округінің әкімі

– Алдымен, ауылдың тазалығына, көркейту жұмыстарына кірісіпсіз… Бұл ауылда басқа да әлеуметтік мәселелердің шешіліп қойғандығын білдіре ме, әлде әйел затының алдымен тазалық пен ұқыптылыққа назар аударатын әдетінен туындап отыр ма? 

– Дамыған елдердің қай-қайсысына барсаңыз да алдымен тазалығына таңдай қағасыз. Ауыл халқын да осы мәдениетке үйреткім келеді. Көркейту жұмыстары – әрбір үйдің өз ауласын таза ұстауынан басталады. Бүгінде ауылда күйіп тұрған мәселе жоқ. Әлеуметтік мәселелерді кезең-кезеңімен шешіп отырған жайымыз бар. Халыққа көгілдір газ бен ауыз су жеткізілген. Келесі жылы 17 шақырымға асфальт жол төсеу жоспарда бар. Жаңадан салынып жатқан үйлерді коммуналдық қызметтермен қамтуды да ойластырудамыз. Ауылдан жаңа мектеп салынып жатыр. Аудан әкімі – тамызға дейін мектепті бітіріп пайдалануға беруді тапсырды. Фельдшерлік-амбулаториялық пункттердің жобасы бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасымен жұмыстар жүргізілуде.

– Облыс әкімі А. Мырзахметовтың ауыл-ауылдарға іссапармен барғанда назарға алатыны – мемлекеттік бағдарламалардың қалай жүзеге асырылып жатқандығы екені белгілі. Соның ішінде «Сыбаға» бағдарламасы көп аудандарда өз деңгейінде орындала бермейді. Неліктен деп ойлайсыз? 

– Жаңа жұмыс көздерін ашу, ауыл халқының әлеуетін жақсартуда бұл бағдарламаның маңызы зор. Алайда, ауылдарда кәсіпкерлікті дамыту әлі де болса жандандыруды қажет етеді. Көпшілігінің «несиемді ертең қалай төлеймін» деп тәуекелге бара алмай отырғаны жасырын емес. «Сыбағадан» несие алғандардың арасында шаруасын дөңгелете алмай, орта белден тастап кететіндері бар. Базбіреулер мемлекет берген мүмкіндікті жақсы пайдаланып, ісін ілгерілетіп алып кетеді. Қалай дегенмен, ауылдан жұмыс орындарын ашып, халықтың тұрмысын тұрақтандыратын уақыт жетті. Біз де өз кезегімізде ауылдан іскер азаматтарды іздестіріп, бағыт-бағдар беріп, бизнеске жол ашуды көздеп отырмыз. Ауылдан қымыз өндіретін цехты ашуды сондай іскерлердің біріне табыстасақ деген ойымыз бар. Ауылдың негізгі күнкөрісі- малшаруашылығы мен егіншілік. Бізде бидай, мақсары, арпа егіледі. Тамшылатып суару, жылыжай шаруашылығы мұның бәрі ауыл әкімдеріне тапсырылған міндеттер.

Зина ханым істің біссмілләсін тазалықтан бастапты. Ауылдың тұрмысын қаладағымен теңестіру мақсаты бар
Зина ханым істің біссмілләсін тазалықтан бастапты. Ауылдың тұрмысын қаладағымен теңестіру мақсаты бар

– Билік баспалдағына көтерілудегі мақсатыңыз не? Қоғамда нені өзгертем деп келдіңіз? 

– Қазір ауылдың тұрмысы қалалықтардың тұрмысына жақындап қалды. Су, жарық, көгілдір газдың да мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Әйелдер үй шаруашылығын сылтау етпей, бір кісідей қоғамдық жұмысқа белсене араласуы қажет. Елдің көркейіп, өркендеуіне атсалысқаны жөн. Мүмкіндігің болып тұрса, неге елдің ісіне араласып, шама-шарқың келгенше халыққа пайдаңды тигізбеске? Өзге нәзік жандыларға үлгі болып, олардың саясаткер, іскер болуына қолғабыс жасауды мақсат тұтамын. Ауылдағы қыздарға, келіндерге «үйде отыра бермей, жұмыс істеңдер, қоғамға араласыңдар» деп үнемі айтумен жүремін. Ал басты мақсатым – ауылдық тұрмысты қаладағымен теңестіру. Мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалана отырып, халықтың жағдайын көтеру. Қалаға жұмыс іздеп кеткен жастарға ауылдан екі қолға бір күрек ұсыну.

– Әкімдіктің тізгінін алған қайсыбір ерлердің өзі биліктің үдесінен шыға алмауда. Әйелдерге мұндай жауапты қызмет ауыр соқпай ма?

– Әйел қай істің де үдесінен шыға білуі керек. Үйдегі шаруаны – үйде, түздегі тірлікті – түзде тындырып отырса, қиын ештеңесі жоқ. Бұрынғыдай от жағып, күл шығарып, су тасып жатқан жайымыз жоқ қой… Қазір әйелдер қауымының қолы босап қалған. Үйінің ішінде су сарылдап тұр, түрлі тұрмыстық техникалары бар…

– Жолдасыңыз карьера қуып жүргеніңізге қалай қарайды?

– Ол да бірталай жыл аудандық білім беру бөлімінде қызмет етті. Қызметтің не екенін жақсы түсінетін азамат. Қазір-зейнетте. Менің қолдаушым болып, тілеуімді тілеп отырады.

– Балаларыңыз саясатқа араласып жатса қалай қарар едіңіз? 

– Екі қызым әлі мектепте оқиды. Тұңғышым – 11-сыныпта. Болашақта қыздарым қай мамандықты таңдаса да қолдаймын. Байқауымша, екеуі де физикаға жақын. Жолдасым екеуміздің де мамандығымыз-физик. Қыздар біздің жолымызды қуатын секілді.

– Отбасында да «әкімсіз» бе? 

– Шаңырағымда өз орнымды білемін. Ер-азаматтарымызды қашан да алдыңғы шепке оздырған қазақпыз ғой. Біз одан кем болып қалмаймыз. Қайта мерейіміз өсіп, шаңырағымызды шаттыққа бөлейміз. Отбасында тыныштық болса, жұмысыңда да береке болады.

– Әңгімеңізге рахмет! Ісіңізге сәттілік тілеймін! 

Сұхбаттасқан – Мақпал РЫСБАЕВА