Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай жасалынып жатқан игі-шаралардың өң бойында соғыс ардагерлерінің есімін ел есінде қалдыру да көзделген. Олардың ерлігі мен Жеңістен кейінгі еңсесі түскен елді көтеруге, шаруашылықты дамытуға, қоғамды жақсартуға қосқан үлестерін ұмытуға болмайды. Бүгінде есімі көмескілене бастаған сондай азаматтардың бірі Қуатбек Шалабаев болатын.
1924 жылы Түлкібас ауданының Иірсу ауылында дүниеге келген ол білімге деген құштарлығының арқасында Шымкенттегі екі жылдық мұғалімдер институтына оқуға келеді. Ауыл балаларының сауатын ашсам, бала оқытсам деген асыл арманын сұм соғыс бұзады. Елдегі бас көтерер ер азаматтар батысқа қарай бет түзегенде Қуатбек те ерлер сапынан табылған. N65 Гвардияшылар дивизиясының Сталинград, Киев, Харьков қалаларын азат ету шайқастарына қатысқан ол елге 1944 жылы мамыр айында жараланып оралады.
От пен оқтың ортасынан оралған сарбаз үзіліп қалған асқақ арманына жетуді көздейді. Пединституттағы білімін жалғастырады. Тәмамдаған соң ауылға мұғалім боп аттанады. Осылайша алғашқы еңбек жолын Леңгір ауданындағы Бидайшы ауылында бастайды. «Мәдени» мектебінің негізін салушылардың бірі ретінде ауыл-аймақ Қуатбекті осы күнге дейін мақтанышпен есімін ауызға алып отырады. Талапшыл, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын жас маманды аудандық білім бөліміндегілер 1954 жылы «Майбұлақ» мектебіне жібереді. Осылайша отыздан енді асқан Қ.Шалабаев аудандағы бірқатар мектептерде басшылық қызмет атқарып ел аузына есімі ілігеді. Бертін келе Сайрам ауданынындағы оқу бөлімінде инспектор, «Орджоникидзе» атындағы орта мектептің жанындағы интернаттың меңгерушісі қызметтерін мінсіз атқарған Қуатбек Шалабеватың еңбегі еленбей қалған жоқ.
Көкірегіндегі соғыста көрсеткен ерлік істерін айғақтайтын медальдардың қатарына білім беру ісіндегі жемісті еңбегін айғақтайтын «Еңбек Қызыл Туы» орденімен, «Еңбек ардагері» медалі қосылды. «Халық ағарту ісінің үздігі» төс белгісін тағынды.
Ұл-қыздарына адал болуды, еңбекқор, біреудің ала жібін аттамауды аманат еткен Қуатбек атадан өрбіген ұрпақ бүгінде осынау әке аманатын ту етіп ұстап келеді. Әке жолын қуған Әлия, Әсия, Жарылқасын сынды ұл-қыздар мұғалімдік мамандықты меңгеріп, жемісті қызмет атқарса, тұңғышы Ұдықыз Мәскеудегі техникалық университеттің инженер-технолог мамандығын меңгерген білікті маман. Өмірден ерте озған ұлы Сүйіндік ауылшаруашылық саласына елеулі еңбек сіңірді. Мәдіқасым – Алматы қаласында хирург-трамватолог. Жарылқап – құрылысшы мамандығын меңгерді. Кәсібінің нәсібін кәсіпкерліктен тауып жүрген жан. Ал сүткенжесі Роза –облыстық перинаталдық орталықтың реанимация бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқаруда.
Мәуелі бәйтеректің бұтақтарындай болған Шалабаевтар әулеті бүгінде Қуатбек атаның есімін ел есінде қалдыруды мақсат тұтып отыр. Өмірінің соңына дейін ауыл балаларын оқытып, тәрбие берген, Қарасу ауылының гүлденуіне үлесін қосқан азаматтың есімі жаңадан бой көтеріп жатқан көшелердің біріне берілсе дейді ұрпағы.
Лаура САПАРБЕКОВА