«Той-бизнес» қарқын алды

Асабалардың ең арзаны-45 мың теңгеден басталады

Қасиетті Ораза айында саябырсығанымен, қазақтың тойы тарқаған ба? Той жасаймын деушілер бүгінде продюсерлік орталықтарды кезіп жүр. О-о-о-о, олардың қатары бізде көбейіп қалғалы қашан.

Осындай продюсерлік орталықтарды аралап жүріп тойыңызға «МұзАРТ» ансамблін шақыру 7 мың $-дан басталатынын, Заттыбек пен Жұбаныш Жексенұлының тойға 3 мың $-дан жоғары бағамен келетінін білдік. Алматылық, астаналық әйгілі асабалар, кино, театр жұлдыздары асабалық етуге Шымкентке 2,5-3 мың $-дан жоғары ақыға келеді. Онда да Шымкентте тағы бір-екі тойлары болған жағдайда. Ал, Сіз той өткізетін күні қосымша оларды шақырған өзге «клиенттер» жоқ болса, ондай қызмет ақысына ұшақпен келіп кету ақысын қосады.

Асабалардың ең арзаны-45 мың теңгеден басталады

Аттарын атап, тегін жарнама еткіміз жоқ. Бірақ, біз арнайы барып танысқан бірнеше продюсерлік орталықтағы тойға қызмет көрсету ақысының бір-бірінен айырмашылығы шамалы. Бірдей мәзір. Тура мейрамханаға барғандай күй кешесіз. Қолыңызға ұстатқан «меню»-дің ішінде сізге жымиып қарап тұрған асабалардың тізілген суреттері. Аты-жөні көрсетілген тұсқа қанша тұратыны жазылған.Асабалардың ең арзаны-45 мың теңгеден басталады. Мәзірдің келесі беттерінде әншілер. Ең арзаны – 40 мың теңгеден. Әр «выходы» бөлек сомма. Бір «выходта» екі ән айтатынын біле жүргейсіз. Егер тойды ерекше сценариймен өткізсеңіз, «Қыдыр ата», «Қыз жеңгелері», «Алдар көсе», «Алтын жауынгер» сияқты кейіпкерлерді шақырсаңыз, олардың әрқайсысының өз бағасы бар. Өзге тойларда көрсеткен қызметіне қарап отырып таңдайсыз. Таңдап отырғанымызда келген бір «клиенттің» талабын естіп таң қалдық.

«Біздің тойда анау-мынау емес, бірнеше әкім, өңшең бастықтар болады. Сондықтан «необычный» болуы керек» деді есіктен ентелей енген етжеңді жеңгей. «Мен көкеңмен бірге ән айтып шығуым керек. Қонақтарға ұсынатын «тосын сыйымыз» болуы үшін бізге ән жазып беріңдер» деді бір кезде.

– Қайсы әнді айтасыздар? – дейді продюсер жігіт.

– Ой, қайдан білейін, тізімін көрсетсейші әндердің…

– Жоқ, дауыстарыңызға келетін, шырқап жүрген әндеріңіз бар ма дегенім ғой…

– Қайдағы, біз әнші емеспіз ғой. Жазып бер бір әнді.

– Болды келіңіздер, тізім бойынша таңдаймыз, көкем екеуіңіз айтасыздар, жазып береміз.

Әлгі етжеңді жеңгейдің талап-тілегін орындай келе, соңғы бағасын шығарды продюсер жігіт. 780 мың теңге! Бір тойды өткізудегі асаба, биші, әнші, фото-видео қызметтің құны осылай болды. Біреуге көп, біреуге түк те емес. Әлгі жеңгей ақының жартысын сол мезетте төлеп, шығып кете барды.

Сізге қажет әнші-биші, асабамен «Түген күні тойың жоқ па? Сенің атыңа заказ ала берейін бе?» дегені үшін ақы алып отырғандай. Бұл – той-бизнес!

Бір жағынан бұрынғыдай асабаны бір, әншіні екі, бишіні үш іздеп, «ойбүйиии, видеоға түсіру мен фото қап кетіпті ғой» деп төрт-бес жаққа шабуылдамай тойыңызға керектінің барлығын бір жерден тапқаныңызға қуанасыз. Ал, продюсерлік орталықтың басшысы Сіздей клиент тапқанына қуанады. Қуанады да бір параққа сіз тапсырыс берген қызмет түрлерін бағасымен тізіп, мөр басып тұрып қолыңызға ұсынады. Барлығы заңды. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп,салық төлейді, мөрі бар.

Дегенмен, оңай олжа, ауадан ақша жасауды меңгеріп алғандарына таң қалмасқа лажың жоқ. Сізге қажет әнші-биші, асабамен «Түген күні тойың жоқ па? Сенің атыңа заказ ала берейін бе?» дегені үшін ақы алып отырғандай. Бұл – той-бизнес!

«Ауадан ақша жасайтындар көбейді» дегенді ілгері уақытта кейіп, кейбір пысықайларды жақтырмаған соң айтатын едік. Ауаны қалбырлы құтыға салып сататындар табылды. Сенбейсіз бе, Алматының ауасы құйылған құты биыл наурыз айында 500 теңгеден сатылды. Құты ішіндегі ауаның тең жартысы Медеу мен Шымбұлақтан, 20%-ы Көктөбеден алынса, Республика, Астана алаңдары мен Арбаттан 10% ауа құйылған. Ауадан ақша жасаушы кәсіпкер жігіт бұл жобасын шетелде тұратын достарына сыйлық ретінде жасағанын айтады. Ауа құйылатын қалбыр құтыны шығарушы зауыт мың данадан кем данаға тапсырыс қабылдамайтындықтан достарынан артылғанын сатқан. 30-50 данасы бірден-ақ өтіп кеткен. Негізінде қазақ айтпайды, айтса соның барлығы іске асып кететіні бар. «Ауадан ақша жасайтындар көбейді» дегенді айтып неміз бар еді-ай?!

Жә, бірді айтып, екіншіге өтіп кеттік білем. Ол үшін кешірім өтінеміз, оқырман. Сонымен тойдың көркін «Той бизнес» қыздырып жүр.

Қыз ұзату, үйлену, сүндет тойлардың әрқайсысының өзіне тән жөн-жоралғыларына тоқталмадық. Сіз бен біз «өзгелерден қалғанымыз ұят болар» деп жүріп жасалатын талай жоралғыны тізбектеуге дәтіміз жетпеді. Жабылатын шапан, тағылатын үкі, қалыңдықтың көйлегі, сүндеттелген баланың кәстөмі…тағысын-тағыларды тізбелесек бір той өткізудің машақаты тағы да екі еселенбек…

Қыздырғаны соншалықты Шымкентте (атын тағы да атағымыз жоқ. Олар үшін тегін жарнама боп кетпесе екен дейміз, біз де ауадан ақша жасағымыз кеп) жаңадан ашылған бір тойханада келушілерге ұсынылатын мәзірді көріп таң қалдық. Онда мынадай «тағам» түрлері бар: «Ақбота Керімбекованың сүйікті салаты», «Алтынай Жорабаеваның сүйікті десерті», «Жігіттер» тобының сүйікті сусыны… осылай кете береді. Кейде «не шықса да Шымкенттен шығады» дегенге әжептеуір ыстықтайтынымыз бар. Бірақ, дәл осындай істің көзін тауып кететін әдетімізден ғой, сондай атқа лайықты боп жүргеніміз. Іскерлігіміз соншалық, бүгінде сүндет тойда сүндеттелген баланы бұрынғыдай «ат жалын тартатын жасқа жетті» деп сәгүлікке мінгізу қайда, қазір ретін тапсақ тойханаға сүліктей қара шетелдік көлікті алып кіргіземіз. Рөліне жетелеп жүріп сүндеттелген балақайды отырғызып, бесіктен белі шықпаған ұлға «міне, мынау сенің мәшинең» деп қолына кілт тапсырамыз. Осыдан 3-4 жыл бұрынғы «менің ұлым таққа отырады» дегізіп, сүндеттелген ұлды тойханаға тақ пішіндес орындыққа отырғызып алып кіру де «сәннен» қала бастапты. Мұнымызды ерсі санамайтын болдық. Қазақ «жиған-тергенің тойға шашылсын» деп айтқан» дейміз уәж тауып.

Олай болса шашайық. Шашылайық. Шашу үшін жинаймыз ғой, ақыры. «Дарақылық, даңғазалық жат әдет. Ысырапшылдыққа жол бермейік» деген айтуға ғана оңай екен…

Түйін:

Қыз ұзату, үйлену, сүндет тойлардың әрқайсысының өзіне тән жөн-жоралғыларына тоқталмадық. Сіз бен біз «өзгелерден қалғанымыз ұят болар» деп жүріп жасалатын талай жоралғыны тізбектеуге дәтіміз жетпеді. Жабылатын шапан, тағылатын үкі, қалыңдықтың көйлегі, сүндеттелген баланың кәстөмі…тағысын-тағыларды тізбелесек бір той өткізудің машақаты тағы да екі еселенбек. Осылайша қазақты той жасаудан шошытқымыз жоқ.. Салт-дәстүрдің дәріптелетін тұсы той екенін жақсы білеміз. Салттан бездіру мақсатымыз емес.

Тек көп қазақ тойды қарызға өткізетінін, сол қарыздың соңы қайғы-мұң, пұшайман болып, бармақ тістеуге ұласатынын несіне жасырайық. Әсіресе жаңа өмір бастаған жас жұбайлардың қадамы қарызға толып, жас отаудың қарызбен тігілетіні сізге ой салмай ма?

«Саған қалың мал беру үшін банктен несие алғанмын» деп келіннің бетіне салық етіп отыратын енені көз алдыңызға елестетіп көріңізші. «Қыз жасауын жасаймын деп (гарнитур, көрпе-төсек, тігін мәшинесі, кір жуу мәшинесі, тығысын тағылар…) аламын деп банктен несие алып едім, енді үйімізді банк тартып алғалы жатыр» деп қайғырған құдағи көз алдыңызға келмей ме? Осының барлығы жиналғанда екі жастың бақыты үшін емес, бақытсыздығы үшін жасалып жатқан қадам екені сізді толғандырмай ма?!

«Анау құдағиына норка шуба кигізіпті тойда, мен қаламын ба, мен де әперемін сондайды» деген алаөкпе болған аламан жарыстың соңы қайда апарып соғарын білесіз бе?

«МузАРТ-ты шақырыпты тойына, мен «Каспийді» шақырамын» деген әңгіме қазір «сәннен» қалып барады. Аяғы жеткен, байланысы барлар тойына шетелдік әншілерді шақыратын заман сізді түңілдірмей ме?

Мектепке киіп барар киім таппай, білім алуға құштар болғанымен кітап сатып алуға ақша таппай жүрген бүлдіршіндер барын осындайда есімізге алсақ болмай ма? Алладан сұрап алған жалғызының дерттен айығуына қымбат медициналық көмек керектігінен қолы қысқа болып, айналаңызда қамығып жүрген мұңлықтар барын сіз білесіз бе?

ОЙЛАНАЙЫҚШЫ!

Сая ЖҰМАҒҰЛОВА