Сейсмо-қауіпті аймақта орналасқан Шымкент қаласында 7 балға дейін жер сілкінісі болады деп дабыл қаққан төтенше жағдай қызметкерлері дайындық жұмыстарын пысықтауды бастап жіберді. Ертең, 24-қыркүйек күні сағат таңғы тоғызда сейсмикалық апат кезіндегі дабыл қағылады. Қауіпсіз аймақ ретінде Әл Фараби алаңы таңдалып отыр.
Апаттан аман қалғандар мен құтқарылғандар осындағы бас штабқа жиналады. Кешенді оқу-жаттығу барысында жалпы қалалық сейсмо-жаттығу, көпқабатты тұрғын үйде газ балоны жарылысын жою, құтқару секілді жедел шаралар 27-қыркүйекке дейін жалғасады. Төтенше жағдайлардың алдын-алу және салдарын жою жөніндегі комиссия төрағасы Сакен Қаныбеков қалалық әкімдікте арнайы жиын өткізіп, әр саланы арнайы тексеретін комиссия мүшелерімен таныстырды. Осылайша ертеңгі дабылға дайындық ерекше өтіп жатыр.
Ерік Сарыбаев, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары: «Халыққа сейсмо-жаттығу туралы дабыл қаығалыд. Сол кезде теледидар мен радионы қосып, не істеу керегі туралы мағлұматты тыңдау керек. Сағат 10:00-де барлық мектептерде дәл осы жаттығу өткізіледі. Халықты төтенше жағдайлар кезінде жасайтын шараларға даярлау — ең өзекті мәселе. Оқу-жаттығуды өткізудегі мақсатымыз — қауіптің алдын алып, сақтық шараларын күшейту».