Шымкент қаласының Еңбекші ауданында алтын және күміс алқаға ие көпбалалы 1250 ана бар. Солардың бірі – 5 ұл, 2 қызды дүниеге әкелген «Алтын алқа» иегері Шырын Нұрымбетова.
Ұл-қыздарын саналы тәрбиемен қанаттандырған Шырын апаның отбасы қаладағы үлгілі, өнегелі жанұялар қатарында. Балаларын бақытым деп білетін алтын құрсақты анамен жақында сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Біздің кезімізде өкімет ештеңе бермейтін, қазір ғой мамыражай заман. Бала табу үшін барлық жағдай жасалып отыр. Өзімнің келіндеріме де үнемі «ана балаларымен бақытты» екендігін айтып отырамын, – дейді ішкі сырымен бөліскен ана.
Еліміздің демографиялық өсуіне үлес қосып отырған Шырын Нұрымбетова бүгінде 23 немеренің әжесі. Әңгіме барысында алтын құрсақты ана өзінің жолдасымен қалай танысқанын да айтып берді. Жас кезінде Сарыағаш қаласында тұрған Шырын апа Ташкентте тұратын жолдасы Құлымбетпен кездесіп, Қазақстанда отау құрған екен. Осында келгенде пәтер жалдап күн көрген. Ол кезде қиын-қыстау заман екендігін айтқан апа, тағдырына мойымай, бар ықыласты балаларына бөлген. Олардың адал да намысты ер болып өсуіне бар зейінін салғанын айтады. Бүгінде қыздарын қияға, ұлын ұяға қондырған ата-ана ұл-қыздарының да өзіне тартып бейнеткеш болып өскеніне қарап марқаяды.
– Ендігі арманым – перзенттерім мен олардан тараған ұрпағымның ғұмыры ұзақ болғанын қалаймын. Солардың қуанышын, амандығын көру – мен үшін үлкен бақыт, – дейді Шырын апа.
Айте кетейік, келесі жылы алтыннан алқа тағынған көпбалалы ана мен жолдасының отандасқандарына 50 жыл толады екен.
Гүлнұр СӘТБАЕВА