2014 жылдан бастап көлік салығы қымбаттайды. Барлығы емес, қозғалтқышының көлемі 3000-нан 4000 мың текше сантиметрге дейінгі көліктердің иелері төлейтін салық мөлшері артуы мүмкін. Әзірге бұл Қазақстан республикасының экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің жобасы ғана.
Оңтүстікте қозғалтқышың көлемі 3000-4000 т.см. көліктердің тіркелгені екі мыңнан асады. Соның жеті жүзден астамының ғана иесі салық төлейді. Қалған бір жарым мыңға жуығына жеңілдік бар. Жоба қабылданса осы жеңілдіктің барлығы алынып тасталмақ.
Әбдісалан Сағымбек, облыстық салық департаментінің басқарма бастығы: «Жол полициясы берген мәлімет бойынша біздің облыста мұндай көліктердің саны — 2171. Олардың арасында салықтан босатылғандарының иелері — ҰОС ардагерлері, мүгедектер мен көпбалалы аналар».
Салық мөлшерін арттыруға халықтың барлығы тегіс келіспейді. Олардың арасында депутаттар да бар.
Мұрат Төлтебаев, облыстық мәслихаттың депутаты: «Мен — қарсымын. Қазіргі салықтың мөлшері де аз емес. 4500 т.см. көліктің иесі 200 мың теңгеден артық мөлшерде салық төлейді. Осы жеткілікті. Одан қымбаттату орынсыз деп ойлаймын. Өзімнің көлігімнің мөлшері — 3,5 мың т.см. 100 мың теңге салық төлеймін».
Лесбек Тәшімов, облыстық мәслихаттың депутаты: «Мұндай қымбат салық жаңа көлікке салынса — дұрыс. Көптеген елдерде солай жасалады. Ал ескі көліктерді бұрын сатып алып қойған ауылдағы ағайынғаа қиын болады. Мен — қарсымын. Зейнетке шыққанда балаларым Лексус 570 көлігін сыйлады. «Салығы қымбат» дейді. Әзірге төлеген жоқпын. Ал мына жоба қабылданса, әрине, төлеймін.»
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=GpJEGM3OC04[/youtube]
Айта кету керек, қозғалтқышының көлемі 3000 текше сантиметрге дейінгі көліктерге салынатын салықтың мөлшері өзгермейді. Тағы бір жаңашылдық — салмағы 15 тоннадан асатын жүк көліктеріне салық мөлшері келер жылдан бастап 9 айлық есеп көрсеткіші емес, 100 айлық есеп көрсеткіш бойынша төленеді. Бұрын бұл сома 15500 теңге болса, енді 185 мың 200 теңге болады.