Балалар үйінің тәрбиеленушілері үйден үмітті

Бүгінде Шымкент қаласында 9 мыңнан астам тұрғын баспана кезегінде тұр. Дегенмен, кезектегілердің барлығына бірдей баспана үлестіріліп жатқан жоқ. Тек аз қамтылған отбасылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға ғана жұмыспен қамту бағдарламасы аясында үй берілуде.

Балалар үйінің тәрбиеленушілері үйден үмітті
Балалар үйінің тәрбиеленушілері үйден үмітті

Баспана мәселесі бүгінде балалар үйіндегілердің де бас ауруына айналған. Балалар үйінің түлегі Юлия Бахтиарова қазір жасөспірімдер үйінде тұрып жатыр. Жасы 23-тен асқан ол енді биылдан бастап балалар үйінен шығады. Алайда қайда барарын білмей дал. Осыдан 7 ай бұрын баспана алу үшін жұмыспен қамту орталығына кезекке де тұрған. Сөзіне сенсек, сала мамандары кезекке қоярда қыздың келесі айда баспаналы болатынын айтыпты. Алайда, орталықтан әлі де хабар болмай тұр.

Айта кетейік, бүгінде қалада үйден үмітті 713 жетім бала баспана кезегінде тұр. Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Айша Қамбарбекова сол жеткіншектердің 32-сі биылғы жылдың 20-қыркүйегіне дейін жаңа пәтерлерге қоныстанады деп сендірді. Сала мамандары бұған қосымша 23 баланың құжатын комиссияның қарауына жіберген. Олардың арасында әлеуеті төмен елдімекендермен қоса жетім балалар да бар.

Айта кетерлігі, 2011-2012 жылдары Шымкент қаласында жұмыспен қамту бағдарламасы негізінде 480 отбасыға арналған 6 көпқабатты тұрғын үй соғылған. Кезектегі 100-ге жуық азаматты баспанаға қоныстандырған орталық алдағы уақытта 108 пәтерді де пайдалануға береміз деп отыр. Дегенмен бұл қадамдар әлі де жеткіліксіз. Пәтерге деген қала халқының сұранысын қанағаттандыра алмайды.