Төлеби ауданының 90 жылдығында 120 пәтер көктемде үлестірілсе, 60-ы қазанда беріледі

78

Төлеби ауданының 90 жылдық мерей тойына жылдың басында жоспарланған жұмыстар аяқталуға жақын. 55 елдімекенде әлеуметтік нысандар бой көтеріп, абаттандыру жұмыстары қарқын алған.

Әлеуметтік нысандардан бөлек балалар ойын алаңшалары пайдалануға тапсырылуда. Аудан орталығындағы 1-ші шағынауданда қазан айының соңында 60 пәтердің кілті кезекте тұрған азаматтарға табыс етіледі.

Қазан айының соңында төлебиліктер ауданның 90 жылдық мерейтойын атап өтеді. Мереке аясында аудан орталығы Леңгір қаласындағы 1 -ші шағынауданда 60 пәтерлі көпқабатты үй пайдалануға тапсырылады. Баспана кезекте тұрған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 18 балаға, 87 көпбалалы отбасына, әлеуметтік жағынан осал топтар санаты бойынша 75 азаматқа үлестіріледі.

Мақсат Жұмабаев, Төлеби ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы: «Ауданымыздың 90 жылдығына орай биыл көктемде 120 пәтер берілсе, биылғы жылдың қазан айының соңына дейін қосымша 60 пәтер беру жоспарлануда».

Жауапты маманның мәлімдеуінше, қосымша көпқабатты 9 үйдің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылыпты. Қолдау тапқан жағдайда құрылыс жұмыстары басталады. Жалпы ауданда 108 көпқабатты үй болса, соның 23-і осы 1-ші шағынауданында бой көтерген. Айта кететін жәйт, инфрақұрылым мәселесі мұнда шешімін тапқан.

Мақсат Жұмабаев, Төлеби ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы: «Облыс және аудан басшыларының қолдауымен көпқабатты үйлердің аулалары абаттандырылуда, 5 автотұрақ орнатылып, осындағы жолдар жаңаланды. 2016 жылдан бері жөндеу көрмеген 23 үйдің алдына асфальт төселіп тегістелді».

Бүгінде аудандағы 4890 азамат тұрғын үй кезегіне тіркелген. Оның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған санатында 338 адам, Аз қамтылған 1998 азамат, көпбалалы 1043 отбасы, мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері санатында 1510 және «жалғыз тұрғынжайы апатты жаңдайда деп танылған » санатында 1 азамат.