«Отбасы банк» банктер жүйесінен шығарылады

51
фото Ашық дереккөз
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев алдағы уақытта баспана кезегін жасау құзіретін «Отбасы банкіне» беру жоспарланып отырғандығын атап өтті.
Осыған байланысты «Отбасы банк» ұлттық даму институтына айналады.
«Отбасы банкіне» аталған функциялар берілетіні ескеріліп, оны екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығару көзделген. Сәйкесінше банктік және басқа да операцияларды лицензиясыз жүзеге асырады», – деді Шарлапаев Мәжілістің жалпы отырысында.
Бірақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және ұлттық банк тарапынан «Отбасы банкіне» қатысты кейбір қадағалау функциялары сақталады.
Қазіргі таңда әкімдіктер жүргізіп жатқан баспана кезегі «Отбасы банкіне» өзгеріссіз беріледі. Ал жергілікті атқарушы органдардың базасына есепке қою тоқтатылады.
«Отбасы банкі» базасында Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады.
Ол жерде әрбір өтінім бойынша кірістерді, мүлік пен активтерді анықтайтын отбасының цифрлық портреті жасалады. Соның арқасында отбасының жағдайы анық көрінеді.
«Бұған қоса ұсынылып отырған жаңа модельге сәйкес тұрғын үйді бөлу азаматтардың есепке тұрған күніне және табыс деңгейіне байланысты жүзеге асырылады. Осылайша  тұрғын үйді есепке тұрған күніне байланысты бөлу, барлық мұқтаж азаматтарды әділ түрде қамтуға мүмкіндік береді», – деді министр.
Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Екінші оқылымға дейін осы құжатқа тағы өзгеріс енгізілуі мүмкін.