Қауіпсіздікті ту еткен компания

Қара алтынды өңдеу мен жанармай өндірісінің өрт шығу қаупімен қатарласа жүретіні белгілі

Қатардағы қарапайым жұмысшыларына жайлы жағдай жасауда өзгеге үлгі бола білген «Петро Қазақстан Ойл Продактс» компаниясы қауіпсіздіктің сақталуына да баса көңіл бөледі. Оңтүстік аймақтағы тартымды жұмыс берушілердің біріне айналған «Пет-ро Қазақстан Ойл Продактстың» жұмыс процесі мұнаймен тікелей қатысты. Қара алтынды өңдеу мен жанармай өндірісінің өрт шығу қаупімен қатарласа жүретіні белгілі.

Қатардағы қарапайым жұмысшыларына жайлы  жағдай жасауда өзгеге үлгі бола білген «Петро Қазақстан Ойл Продактс» компаниясы қауіпсіздіктің сақталуына да  баса көңіл бөледі
Қатардағы қарапайым жұмысшыларына жайлы жағдай жасауда өзгеге үлгі бола білген «Петро Қазақстан Ойл Продактс» компаниясы қауіпсіздіктің сақталуына да баса көңіл бөледі

Сондай-ақ, бұл зауыттың орныққан жері де сейсмологиялық аймақтардың қатарына жатады. Осыны ескерген зауыт басшылығы төтенше жағдайлардың кезіндегі іс-әрекеттер және олардың алдын алу шаралары бойынша кәсіпорын аумағында оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырды. Әр жылы өткізілетін бұл шараға зауыттың құтқару тобы мен өзге де сәйкес қызмет мамандары жұмылдырылды.

Әрбір дайындық шарттылық жағдайында өтеді. Болуы мүмкін жәйттердің тізімі жасалып, сценарийі әзірленеді. Шын оқиғаға мейлінше ұқсатылады. Кәсіпорынның бұ жолы өткізілген оқу-жаттығу жиыны да зауыт аумағын азан-қазан етіп, у-шуға толтырып, бір апаттың тосыннан тап келгенін сездірді.

Оңтүстік аймақтағы тартымды жұмыс берушілердің біріне айналған «Пет-ро Қазақстан Ойл Продактстың» жұмыс процесі мұнаймен тікелей қатысты
Оңтүстік аймақтағы тартымды жұмыс берушілердің біріне айналған «Пет-ро Қазақстан Ойл Продактстың» жұмыс процесі мұнаймен тікелей қатысты

Жер сілкінді. Бір-бірімен килігіп, бас айналдырар құбырлардың зілзаладан кейінгі жағдайын жіті әрі жедел шолып шығу қажет. Осыны есте ұстаған құтқарушылар тобы құбырларда ақаудың бар-жоғын тексеруге кірісті. Мұнай құю эстакадасының цехындағы құбырдың жарылғаны анықталды. Жарықты тез бекітпесе, тесіктен бензин төгіліп, ауаны, жерді, өз айналасын лас-тайды. Онымен қоймай өрт, өрт болғанда да ауыздықтауға келмейтін үлкен өрт шығуы мүмкін. Қоршаған ортаның тазалығын сақтауды басты ұстанымдарының біріне айналдырған «Петро Қазақстан Ойл Продактстің» мұндайға жол беруіне әсте болмайды. Құтқарушылар әп сәтте ақаулы құбырды бекітуді бастап та кетті. Құбыр ішіндегі қысым жоғары, тіпті өте жоғары. Сондықтан ондағы жөңкіліп жатқан мұнайдың жарық тесіктен сыртқа қарай шапшып атқылайтыны анық. Жарықты бекіту үшін, атқақтаған мұнайдың бетін қайтару қажет. Әдеттегі темір бұғаулардың бұған шамасы келмейді. Мұндайда пневматикалық бұғау пайдаланылады. Атқақтаған сұйықтықты ауамен үрлеп тоқтатады. Санаулы минуттар ішінде тесік бекітіліп, қауіптің беті қайтарылды.

Сол аралықта жоғарғы қабаттағы қызметкерлердің бірі жараланды. Оған көмек көрсетуге екінші топ жөнелтілді. Жараланушыны зембілге байлап, эстакаданың төбесінен арқанмен төменге түсірді. Қауіпсіз жерге алып барып, медициналық жәрдем көрсетілді. Бұл шаруаның барлығы бас-аяғы 5 минуттың айналасында аяқталды.

Қара алтынды өңдеу мен жанармай өндірісінің  өрт шығу қаупімен қатарласа жүретіні белгілі
Қара алтынды өңдеу мен жанармай өндірісінің өрт шығу қаупімен қатарласа жүретіні белгілі

Зілзаланың залалы мол. Бір жарықты бекітіп біткенде, екінші жақта өрт шықты. Мұнай толы вагондардың бірін жалын шарпи бастапты. Ыстық оттың қызыл тілі сумаңдап, тізбектегі басқа да вагондарды жалмайтыны белгілі. Оқиға орнында жаппай дабыл қағылды. Дабыл қағылғаннан кейін, стационарлық оқпандардан көбік атқылана бастады. Бұл көбік өртті өшірмесе де жан-жағын бұғаттап, таралуына жол бермей, тұншықтырып тастайды. Көзді ашып-жұмғанша зауыттың өртке қарсы қызметінің барлық тобы жалынға орынған вагон маңына келіп жетті. Өз ісінің шеберлерінен құралған әккі мамандар тобы өрт сөндіру көліктерінен өртке арналған шлангтерін сүйрете, жалынға қарсы көбіктерді шашыратты. Қызыл жалынға қарсы аяусыз күреске түскен өрт сөндірушілердің жанкешті әрекеті нақ шын оқиға боп жатқандай жағдай ауанын қалыптастырды. Олардың барлығы да 200оС температураға дейінгі ыстыққа төтеп беретін арнайы күртеше киген. Сол уақытта зауыттың басқа қызметкерлері де қарап тұрмай, өзге вагондарды жүк пойызынан ажыратып, тепловозға жегіп, қауіпсіз аумаққа алып кетті.

Зауыттың өртке қарсы қызметінің мамандары жалынмен алысып, ауыздықтау үшін жанталасып жатқанда Шымкент қаласының өрт сөндіру қызметінің жедел тобы да келіп үлгерді. Арнайы техниканың бүркіген орасан мол көбігі шарпыған жалынның бетін қайтарды. Жарты сағатқа жетер-жетпес уақыт ішінде тілсіз жау толығымен өшірілді.

Бас-аяғы 138 адам мен 16 техника тартылған оқу-жаттығу жиынының берері мол. Масштабты аумаққа орныққан, стратегиялық маңызы бар делінетін «Петро Қазақстан Ойл Продактстың» қандай да бір тосын жәйтке сақадай-сай болып, әзір тұруы аса маңызды. Қазақстандағы жанар-жағармай өндіруші үш компанияның қатарына енетін бұл зауыттың амандығы қай-қай тарап үшін де қажет.

Менеджмент пен бизнес жүргізуде үкіметпен, компания акционерлерімен, мердігерлермен, істес әріптестермен де, сондай-ақ жергілікті жұртшылықпен де үйлесімді қарым-қатынас орнатуды мақсат еткен компанияның қауіпсіздік ережелерін сақтауы да көңілге қуаныш ұялатады. Ел құлақ түріп, қадамын бақылап отыратын қуатты кәсіпорынның төтенше жағдай бола қалса, сырттан көмек күтіп, қол қусыра қарап отырмайтыны, нәтижелі әрекет жасай білетіні сенім туғызады.

Осыны ескерген зауыт басшылығы төтенше жағдайлардың кезіндегі іс-әрекеттер және олардың алдын алу шаралары бойынша кәсіпорын аумағында оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырды
Осыны ескерген зауыт басшылығы төтенше жағдайлардың кезіндегі іс-әрекеттер және олардың алдын алу шаралары бойынша кәсіпорын аумағында оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырды

Сондай-ақ, қазір мұнай өңдеу зауытындағы жұмыс тоқтап тұр. Уақытша. Күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Әр жылы жоспарлы түрде жүргізілетін жөндеу жұмыстары тиісті органдардың рұқсатымен жүзеге асады. 8-қазанда басталған күрделі жөндеу 9-қарашаға дейін созылады. Осы себепті де ел арасында бензин тапшылығы орын алып, жанар-жаңармайдың бағасы көтеріле ме деген алаңдаушылық туады. Зауыт басшылығының хабарлауынша, кәсіпорын жұмысының тоқтауына байланысты бензин тапшылығы болмайды. Зауыт қоймасында жанармай өнімдерінің жеткілікті қоры бар. Сұранысқа ие 80 және 92 маркалы бензин мен мазуттың қажетті мөлшері жиналған. Сондықтан да елдегі бензин бағасы өссе, бұл зауыттағы жөндеу жұмыстарына байланысты емес.

Жөндеу жұмыстары кезінде жаңа құрал-жабдықтар қойылады. Осылайша мұнай өңдеу процессі жаңа бір сапалы деңгейге көтерілмек. Зауытта дизельді отынды тазалауға арналған жаңа қондырғы орнатылып, компания өзінің алдағы жоспарында ЕУРО – 5 халықаралық талаптарына сай өнім өндіруді мақсат етіп отыр.

Жәнібек НҰРЫШ

Суреттерді түсірген – Бахрам Талибжанов