Облыс прокуратурасында алимент өндіру және борышкерлер мен олардың отбасыларына әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ мемлекеттік бюджетті толықтыру мәселелері бойынша кеңейтілген мекемеаралық мәжіліс өтті.
Іс-шараға облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, құқық қорғау және мемлекеттік кірістер органдарының, банк секторының, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының, Шекара қызметінің өкілдері, қала және аудан прокурорлары, сондай-ақ жеке сот орындаушылары қатысты.
Бүгінде облыс бойынша алимент берешегі 12 млрд теңгеге, ал мемлекет пайдасына өндірілуге жататын берешек 16 млрд теңгеге жеткен.
Прокурорлық талдау барысында мыңдаған атқарушылық өндірістер бойынша нақты өндіріп алу шараларының жеткіліксіздігі, мәжбүрлеу тетіктерінің толық қолданылмауы және борышкерлер мүлкіне уақтылы шектеу қойылмауы анықталды.
Атап айтқанда, 1 млн теңгеден жоғары 3,6 млрд теңге бюджетке төленуге жататын 716 атқару өндірістері бойынша борышкерлердің 846 жылжитын және жылжымайтын мүліктеріне қандай да болмасын шара қолданбаған. 120 борышкердің атында 170 млн теңге көлеміндегі мүлік тіркелгенімен, оны өндіру шаралары қабылданбаған.
Сондай-ақ 81 борышкердің 200 млн астам теңге алимент берешегі бола тұра, 113 млн теңгеден астам қаржысы букмекерлік кеңселерге кеткені анықталды. Төлеби ауданында екі заңды тұлғаға салынған 412 млн теңге экологиялық айыппұлдың орындалу мерзімі өтіп кеткен, сондай-ақ бірқатар борышкерлердің мүлкіне қатысты мәжбүрлеу шаралары уақытылы қолданылмаған.
Осыған орай, облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев мәжілісте аталған мәселелердің тек қаржылық емес, ең алдымен балалардың құқықтарын қорғау және мемлекет мүддесін қамтамасыз етуге тікелей қатысты екенін ерекше атап өтті. Түркістан облысы халық және бала саны бойынша еліміздегі ең ірі өңірлердің бірі болғандықтан, алимент өндіру және бюджет кірістерін қамтамасыз ету мәселелері ерекше бақылауға алынуы тиіс екенін айтты.
Алимент өндіру саласындағы нақты мысал ретінде 2,6 млн теңге берешегі бар азаматша Исаеваның жағдайы қаралды. Ол 2024–2026 жылдары аралығында 46 рет арызданған. Тек облыстық прокуратураның араласуынан кейін борышкерге 3 тәулік әкімшілік қамау жазасы қолданылып, нәтижесінде 380 мың теңге қарыз өтелген, қалған берешек кезең-кезеңімен өндірілуде.
Мәжіліс қорытындысы бойынша уәкілетті органдарға нақты тапсырмалар берілді, сондай-ақ жүйелі кемшіліктерді жою және кінәлі лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарау қажеттілігі көрсетілді.







