Балалар, сендер Шымкентте қуыршақ тетары барынан хабардар боларсыңдар. Бұл театр өздеріңе арнап түрлі ертегі кейіпкерлерін сахналайды. Жақында өзінің кезекті маусымын «Қаңбақ шал» спектаклімен бастады. Театрдың директоры Марта Шенгелбаеваның айтуынша, 2013 жылдың І жартыжылдығында 288 қойылым қойылса, шілде айында — 14, тамызда — 10 спектакль сахналанып, 30 мыңға жуық көрермен тамашалаған.
Қуыршақ театры жайлы сендер көбірек білсін, онда кімдер жұмыс істейтінінен хабардар болсын деп облыстық қуыршақтар театрына атбасын бұрған едік.
«Кен баба» саябағында орналасқан театр балаларға шын мәнінде рухани азық беріп, базарлық сыйлайтын бірден бір ұжым. Айта кетейік, қуыршақ театрының өзге театрлардан ерекшелігі сахнада қуыршақтар өнер көрсетеді. Бізді театрдың ішкі тіршілігімен таныстырып жүрген өнер ордасының әдебиет бөлімінің жетекшісі Гүлжан Момбекова (суретте) бірінші кезекте қуыршақтар мұражайын тамашалауымызды өтінді. Мұнда 500-ден астам үлкенді-кішілі қуыршақ қойылыпты. Маманның сөзіне сүйенсек, қуыршақтар түріне, қимылға келтіру тәсілене қарай киілмелі және сылдырмақты болып бөлінеді екен. Осы орайда, қуыршақтардың қалай жасалатынын өз көзімізбен көру үшін көркемдік-бутафор бөліміне бас сұқтық. Мұнда қоюшы суретші Ольга Кравченко мен Гүля Бабаева қойылым жобасын дайындап жатыр екен. Ал, шеберлер Кристина Куракина мен Әсел Нұрханова қуыршақтардың қалай жасалатынын, қандай құрылыс материалдарын қолданатынын, аяқ-қолдары мен бастары қалай қозғалатынын түсіндіріп берді.
Келесі кезекте, көрермендер залындағы режиссердің басшылығымен өтіп жатқан дайындық барысын тамашаладық. Дайындық болса да, әртістер бар өнерін салып жатыр. Гүлжан Момбекованың айтуынша, театрда 13 артіс бар.
«Театр ұжымы үшін көрермендердің ыстық ықыласы, жүзіне үйірілген күлкісінен артық қошемет жоқ», – дейді театр ұжымы. – Бүгінде балаларды қуыршақтар театрымен қызықтыра алмайсын. Өскелең ұрпақ одан гөрі теледидардан зорлық-зомбылықты насихаттайтын фильмдерді тамашалап, компьютердегі атыс-шабысқа толы ойындарды ойнағысы келеді. Алайда, көгілдір жәшіктің балаларға берер тәлім-тәрбиесі шамалы ғана. Бір сағат компьютер ойнаған баладан, 30 минут театр қойылымын тамашалаған баланың ой-өрісі, дүниетанымы кең болады. Қойылым кейіпкері арқылы жақсылық пен жамандықтың, махаббат пен зұлымдықтың арысын айыруды үйренеді», – дейді Гүлжан Момбекова. – Облыстық қуыршақтар театры репертуарында қазақ және орыс халқтарының ертегілері мен әлемдік классикалық әдебиет үлгілерінде қойылған қойылымдар екі тілде жүреді. Өнер ордасын өңіріміздің барлық аудандары мен қалалары, мектептер мен балабақшалар, балалар үйі мен интернаттардың тәрбиеленушілері асыға күтеді, – дейді ол.
Ендеше, 30 жылдан бері өзінің тағылымды туындыларымен кішкентай көрерменнің көз қуанышына айналып отырған облыстық қуыршақтар театрының ұжымына жаңа шығармашылық табыс тілейміз!
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ