«Балдырған» көшесінің тұрғындары шаңға көміліп жүр. Ал ондағы балалар түрлі жарақаттардан көз ашар емес. Бұрынғы Краснофлотский көшесінің жұрты мұндай ыңғайсыздыққа мердігер компанияның кесірінен тап болып жатырмыз дейді. Айтуларынша, «ҚазТрансГазАймақ» компаниясы жерасты газ құбырларын жүргізу үшін мекемеге тапсырыс берген.
«Балдырғанда» жер асты құбырларының жүргізіле бастауы мұң екен, көшенің жұрты сыртқа шығудан қалды. Олардың шаңға көміліп келе жатқанына 3 айға таяды. Содан бері мектепке барып, көшеде серуендеу деген жырға айналды.
Галина Фахрулина, «Балдырған» көшесінің тұрғыны: «Біз әкімдікке арыз да жаздық. Олар 2-қазанға дейін барлығы жөнделіп, көшеге асфальт төселеді деді. Жерді қопарған жұмысшылар газ құбырларын да қойып, бәрін тап-тұйнақтай етіп жасап кетеміз деп уәде берген болатын.»
Газ құбырларын жаңарту жұмыстары біткенімен, құрылыс жүрген орын ойраны шыққан күйі қалып кеткен. Ал жұмысшылардың өздерінің мұнда ізі де жоқ.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=RMQ68t5Yv1w[/youtube]
Ғабит Еркінбеков, «Айсері и К» ЖШС-нің директоры: «Ертең сағат тоғыздан бастап мұнда қажетті техникалар тұратын болады. Ашық-шашық қалған жолды ретке келтіріп, оған қиыршық тас төсейміз. Яғни, бір-екі күннің ішінде бұл жұмыстарды бітіреміз.»
Мердігер жолды жамаймын дегенше мұндағы тұрғындардың алды құрылыс қалдықтарына сүрініп, жарақат алып жатыр.