«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС 3 мың метр кәріз құбырын жаңартып жатыр

18

«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і еліміздегі бірегей су тазарту кешенін үлкейтіп жатыр. Қазір жоба қуаттылығы күніне 150 мың текше метрді құрайды. Нысан құрылысы аяқталса қосымша 50 мың текше метр шайынды су өңделеді. Оған қоса кәріз құбырлары ауыстырылуда.

25 жылдық тарихы бар «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-гі кәріз жүйелерін жаңартып жатыр. Қазір су тазарту кешені 150 мың текше метр шайынды суды өңдеуге қауқарлы. Шымкентте тұрғындар санының артуына байланысты былтыр қосымша нысан салына бастады. Жоба аяқталса, кешен қуаттылығы 200 текше метрге жетеді. Құрылыс барысын аралаған тұрғын үй төрағалары серіктестіктің қызмет сапасы жыл сайын артып келе жатқанын айтады.

Ақберді Өтеулиев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қазіргі заман жақсы. Бәрі жаңадан салынып жатыр. Көзбен көрдік. Құптарлық іс. Бұрын қатты иіс болушы еді. Қазір иісін қатты байқамаймыз. Бұл жақсы нәрсе. Бұл келешегіміз үшін керек дүние».

Мегаполисте сонымен бірге Б.Момышұлы мен Юсупов көшесінен су тазарту кешеніне дейінгі коллекторды қайта құру жұмысы жүріп жатыр. Нысан ұзындығы 3473 қарышты метрді құрайды. Айта кетейік, өңірде толықтай тозығы жеткен құбырлар 1972 жылы салынған. Мамандар жүргізілген жұмыс нәтижесінде апатты аймақтар саны азаятынын айтады.

Бұлан Тұрлыбеков, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС -нің бөлім басшысы: «Кәріз коллекторы 100 пайыз тозу деңгейін көрсетіп тұр. Сондықтан осы кәріз коллекторын қайта жаңартудан өткізіп жатырмыз. Бізде тозу көрсеткіші 77 пайызды құрайды. Бұл коллекторды жөндеу арқылы көрсеткішті 4 пайызға түсіреміз. Осы Самал-3 шағын ауданында қатты жауын кезінде бұл коллектордың тозу деңгейіне байланысты, астына тұнбалардың шөгуіне байланысты су тасу қаупі болатын. Сондықтан су тасудың алдын алу үшін осындай жұмыс жүргізіп жатырмыз»

Айта кетейік, су тазарту кешенінің қосымша нысаны «жасыл қалалар» бағдарламасы негізінде жүзеге асады. Құны 3,9 млрд. теңгені құрайтын жоба 2024 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.