Күн ызғары сезіліп, жұрт қыстың қамына кірісе бастады. Етек-жеңін қымтанып, ағаш, көмір отынын қаттап «кәрі құдасын» қарсы алуға дайындық үстінде. Жылу маусымы жақындаған сайын көмірдің бағасының шарықтап кететіні ескі әдет. Елімізде көмір өндіретін отыздан аса ірі компания жұмыс істейді. Жылына орта есеппен 100 млн. тоннаға жуық көмір өндіреді. Көмір қорымыз да қомақты. Қатты отын өндірісінен әлем бойынша сегізінші орындамыз. Бірақ, «аспаннан шұға жауса да құлға ұлтарақ бұйырмайдының» кері келіп тұр. Жер қойнауындағы иен байлықтың қызығын көре алмай отырмыз. Кейбір мәліметтерге қарағанда, отандық нарықтағы көмір бағасы кеніштен шыққан бағадан тұтынушыға жеткенге дейін 6-7 есеге жоғарылап кетеді екен. Ал көмірдің халықаралық биржаға шығарылғандағы құны отандық нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен. Демек, бұл Қазақстан көмірінің құны сыртқа шығарылғанда аса қымбаттай қоймайды дегенді білдіреді. Ал енді осы өнім ауылдағы ағайынға неге сонша қымбатқа пұлданады? Кеніштен көтерілген көмір мен аулаға төгілетін көмірдің құнының арасындағы жер мен көктей айырмашылық қайдан шықты? Көмірді кім қымбаттатып отыр?
Экономистер көмір бағасының өсіп кетуіне бірден-бір себепкер – делдалдар дейді. Бөлшек сауда нарығында жоғары бағаны қалыптастыруға көлік шығыстары мен бастапқы өнім берушіден бастап өткізу бағасын еселеп көтеретін делдалдардың үстемеақылары ықпал етеді. Ал олардың қызметтері заңмен шектелмеген. Алайда, «ебін тауып, екі асап жатқан» делдалдардың тірлігін тыйып тастағанмен де мәселе шешіле қоймайтын секілді. Себебі, Қазақстан көмірді өкірте өндіріп жатқанымен оның ішінде аз бөлігі ғана өзімізге тиеді. Көпшілігі сыртқа экспортталады. Экспорт көлемінің де артпаса кемитін түрі жоқ. Себебі, еліміз сыртқа тасымалданатын көмір көлемін жыл сайын арттыруды көздеп отыр. Келесі жылы Қазақстан сырт елдерге 32 миллион тонна көмір экспорттамақ. Мамандар бұл байлықтың өзімізге де бұйыруы үшін көмірдің әлемдік биржада,ғы құнына қарай экспортқа рента салығын есептеп енгізу керек деп есептейді. Егер осындай алым-салық болса, тәртіп орнатуға мүмкіндік болады екен. Ал отын өндірісіндегі ахуалды қолға алмасақ, көмірдің бағасы тіпті бет қаратпай кететін сыңайлы.
Өкінішке қарай, бағасы шарықтап тұрса да біздің көмірдің сапасы сын көтермейді. Көмірдің иісінен уланғандар тіпті маусым кезінде ауруханаға сыймай қалады. Ал сауда мәдениетін дамытқан еуропалықтар көмірді хош иістендіріп, қатырма қағазға орап сатады екен. Ал біздің көмір қатырма қағазға оралмақ түгілі, тіпті радиациялық изотоптардан да толықтай тазартылмайтын көрінеді. Сөйтеді де көмірден бөлінетін зиянды заттар ағзаны улайды.
Елімізде 1 тонна көмір алу үшін жер қыртысының 5-6 текше метр топырағын тазалау керек.
– Былтыр облыста көмір қажеттілігі 2017,7 мың тонна болған. Оның ішінде бюджеттік мекемелер (мектептер, балабақшалар, мәдениет үйлері) – 253 мың тонна, тұрғындар – 1561 мың тонна, жылумен қамтитын орталықтар – 203,7 мың тонна көмір пайдаланған. Халық былтыр көмірден тапшылық көрген жоқ. Негізінен, көмір аудан орталықтары мен ауылдарда көбірек пайдаланылады. Көмір жеткізіп беруге ашық мемлекеттік конкурс жарияланады, – дейді ОҚО Энерегетика және тұрғын үй шаруашылық басқармасының бас маманы Марат Қаратаев. Өнім өндірушілерден емес, делдалдар арқылы жеткізіледі. ДР-300 маркалы көмірдің 1 тоннасы былтыр 6340 теңге, «Лидер-НК» маркасы (1т) — 6700 теңге, ДР-0-300 маркасы (1) — 7400-9200 теңгеден сатылған. Үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығында «Көмір» ЖШС-нің 1 тонна өнімі – 7500 теңгеден, «VIP-M» ЖШС — 7800-8000 теңгеден, «Азамат-R» ЖШС — 8000- 8200 теңге аралығында сатылуда. Көмірдің бағасы маусымға қарай өзгеріп отырады. Наурыз айынан бастап көмір бағасы төмендеп, қазан айынан бастап көтеріле бастайды.
ОҚО бойынша былтыр бюджеттік мекемелер (мектептер, балабақшалар, мәдениет үйлері) – 253 мың тонна, тұрғындар – 1561 мың тонна, жылумен қамтитын орталықтар – 203,7 мың тонна көмір пайдаланған.
Біздің өңірде қарашадан сәуірге дейінгі – 150 тәулік жылыту маусымы саналады. Жыл сайын орта есеппен біздің облыс 2 млн-нан астам көмір пайдаланады екен. Жаңадан салынған әлеуметтік нысандардың көптеп іске қосылып отырғанына орай көмірге деген қажеттілік те артып отыр. Алайда, бұл уақытша жағдай. Өйткені, қазір Бейнеу-Бозой-Шымкент магистральді газ құбырын газбен қамту басталды. «КазТрансГаз» мәліметі бойынша, бірінші сатыда жаңа магистраль бойымен тасымалданатын газ ішкі пайдалануға арналатын болады. Газ құбырының ұзына бойы орналасқан 500 елді мекен көгілдір отынмен қамтылады. Құрылыстың толық аяқталуы және газ құбырлары нысандарын іске қосу, жобалық қуаты 10 млрд шаршы метрге қол жеткізу 2015 жылға жоспарланған. Демек, осы уақыт аралығында көмірге деген қажеттілік те кеми түседі деген сөз.
Түйін. Ертеректе «тезек — кедейдің, көмір — байдың отыны» деуші едік. Қазір «көмір — кедейдің, газ — байдың отынына» айналған заман. Алайда, табиғи газ бен көмірдің бағасы бір-бірінен қалысатын емес. Ал біздегі «көгілдір газдың» бағасы Еуразия құрлығындағы ең қымбат баға екен. Оңтүстіктің тұтынушылары табиғи газдың бір текшеметріне 23 теңге төлейді. Осы айдан бастап көмірдің нарқы да күрт өсіп жатыр. Қыс ызғары қылаң берген сайын қалтасы саяз ағайын уайымға түсе бастады.
Мақпал РЫСБАЕВА