«Отырардың» айтары көп

«Отырар» телеарнасы

43-034

Облысымыздағы тәуелсіз телеарналардың көшін бастап тұрған «Отырар» телеарнасы өзінің 21-маусымына орай қазанның 21-інен бастап жаңа жобалардың тұсауын кесіп отыр. Бір миллионға жуық көрермені бар телеарна ұжымы халықты енді жаңа бағдарламалар, жаңалықтар топтамасындағы жаңа өзгерістермен, жаңа көрсетілімдермен қуантпақ. Сөз бостандығы мен жариялылықты ту етіп, қоғамның шынайы бет-бейнесін көрсетуді мақсат еткен шығармашыл ұжым бүгінде көпшіліктің көңілінен шығып жүр.

«Отырар» телеарнасы
«Отырар» телеарнасы

Бекжігіт МәуленовБекжігіт Мәуленов, «Отырар» телеарнасы жаңалықтар қызметінің шеф-редакторы:

– Телеарнаның жаңалықтар бөліміндегі басты өзгеріс «Арнайы репортаж» айдарының енгізілуі мен «Нақтылау» айдарының қайта жандануы. «Ақпаратқа» берілетін уақыт шектеулі болғандықтан, журналистің қысқа уақыт ішінде көлемді мәселені толық қамтуға мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан, біз жоғарыда аталған айдарлар арқылы апта көлемінде орын алған түйткілді мәселенің түйінін тарқатып, жан-жақты зерттеп, зерделеп көрерменге ұсынамыз. «Нақтылау» айдары белгілі бір тақырыптың астарын нақтыласа, «Арнайы репортажда» журналист сол тақырып төңірегінде оқиғалар жиынтығын зерделеп, кең ауқымда талқылайды. Жалпы, ақпараттар легінде біз қазақ лексиконындағы сөздердің дұрыс қолданылуы мен журналистердің туған тілде еркін, мәнерлі сөйлеуіне баса назар аударамыз. Жаңалықты уақытылы, қысқа әрі нақты жеткізу – біздің негізгі мақсат. Осы бағытта біздің ақпараттар айдарына енгізілген өзгерістердің бағасын көрерменнің өзі бере жатар.

Ғалия ҚылышбаеваҒалия Қылышбаева, «Замандас» бағдарламасының авторы:

– «Замандас» сынды бағдарлама бұрын-соңды біздің телеарнада болған емес. Сондықтан да жаңа маусымның бет-бейнесін ашатын жаңа өзгерістердің бірі деп айта аламын. Директорымыз В.К.Куликова бұл бағдарламаны «Internews-ке» ұсынды. Жалпы, бағдарламаның негізгі мақсаты – кезінде белгілі бір мамандықты алып шыққанымен, уақыт өте келе өзінің жүрегі қалаған, жаны сүйген кәсібімен айналыса жүріп, үлкен жетістіктерге жеткен кейіпкерлерді халық назарына ұсыну. Яғни, жаңа кәсіптің нәсібін тапқан азаматтардың осы жолдағы ұстанымы мен бағыт-бағдарын бағдарлама арқылы көрсету. Мұндағы ерекшелік – бас-аяғына дейін кейіпкер жайлы оның өзі баяндап береді. Жоспар бойынша жыл бойына 20 кейіпкер таңдалған, қазір осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Айтарым, «Замандастың» халыққа берері көп.»

Татьяна КОРЯКИНАТатьяна КОРЯКИНА, «Отырар» телеарнасы бағдарламалар бөлімінің редакторы:

– Иә, жаңа 21-маусымды көрермендер үшін жақсы жаңалықтармен аштық. Енді тұрақты көрермендеріміз өздеріне ұнаған түрік телехикаясы мен қазақстандық телесериалды біздің арна арқылы тамашалай алады. Бұл қадамға көрермендердің сұрауы, өтініші негізінде барып отырмыз. Әрі, көрсетілімдерді көрерменге қолайлы уақытқа қойып отырғанымыз да, сондықтан. Себебі біз халықтың телеарнасы емеспіз бе?! Жаңа маусымдағы жаңалықтарымыз көпшіліктін көңілінен шығады деген үміттеміз.

 

Бәрекелді!

«Отырардың» Түркияда да тілшісі бар
«Отырардың» Түркияда да тілшісі бар

Оңтүстік халқының сүйікті телеарнасына айналған «Отырардың» енді шетелде де меншікті тілшісі бар. Көрерменді шынайы әрі жылдам ақпаратпен қамтуды көздеген телеарна ұжымы осы мақсатта қызу жұмыс істеуде. Мақсат жаңалықтардың шеңберін кеңейту болса, енді біз Түркиямен тікелей байланыс жасау мүмкіндігіне ие болдық. Ондағы меншікті тілші Ержан Жүнісов дайындаған Түркиядағы оңтүстікқазақстандықтар жөніндегі соңғы ақпараттар телеарнаның жаңалықтар айдары арқылы эфирге ұсынылатын болады.