– Шымкент қаласы әкімінің орынбасары ретінде әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияны басқарып отырғаныңызға біраз болды. Байқасаңыз, гендерлік саясатты қазіргі қоғам әлі де өз деңгейінде түсіне алмай отырған сияқты. Бәлкім, бөрікті мен көріктіні абсолютті түрде теңестіру мүмкін емес болған соң біз мұны қабылдай алмай отырған шығармыз. Сіз не дейсіз?
– «Гендерлік» деген сөз қолданысқа енбей жатып, бізде әйел мен еркек теңдігінің әдемі үлгісі болған. Қазақ ұлынан бұрын қызының болашағына көп алаңдайды. Қызын шама-шарқы келгенше оқытып-шоқытады. Ең ақыры «ертең кісінің еліне барады, қолында дипломы болса, ел қатары күнін көрер» деп мамандық алып береді. Қызды төрге шығарып, құрметтеуді басқа ұлт бізден үйренсін.
Әрине, әйел мен еркекті абсолютті теңестіру мүмкін емес. Табиғатынан екеуі екі түрлі жаратылған. Біріне — білек күшін берсе, біріне — дүниеге перзент әкелетін қабілет берген. Бұл биологиялық ерекшеліктер қоғамда да екеуінің рөлін айқындап береді. Гендерлік саясат биліктің жартысы — ерлердікі, жартысы — әйелерге тиесілі деген мағынаны білдірмейді. Гендерлік саясаттың мақсаты бөле-жармай екеуіне де қоғамнан өз орнын табуына теңдей мүмкіндік беру. Қолынан іс келетін әйелдің білім-біліктілігіне лайықты қызметке орналасуына ықпал ету. Қоғамда ер мен әйелдің орнын теңестіріп, елдің дамуына бірдей еңбек ету.
– Гендерлік саясаттың бізде әуел баста-ақ өзіндік нақышы болған деп отырсыз. Олай болса, бұл саясатты насихаттау қаншалықты қажет?
– Жасыратыны жоқ, бұл біздің мемлекет үшін халықаралық маңызы бар саясат. Гендерлік саясаттың қажеттілігі, тиімділігі күн өткен сайын артып отырғанын көзбен көріп отырмыз. Иә, біздің қазақ қоғамында әуел баста-ақ ер мен әйелді теңестірудің дәстүрлі саясаты болған. Ендігі мақсат — соны қазіргі замана көшіне ілестіру.
– Қазір елімізде жүзеге асырылып жатқан гендерлік саясатты біз өз ұлттық форматымызға сәйкестендіре алдық па?
– Отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мақсаты осы. Осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз. Себебі, бұл саясаттың мұндай үлгісі бізге қажетсіз. Қазақ қоғамы үшін гендерлік саясаттың еуропалық үлгісі бізге сәйкес келмейді. Біз өз тамырымыздан алыс кетпеуіміз керек. Біздің қолға алып жатқан қазіргі шараларымыздың барлығы осыны көздейді.
– Біздің әйелдер қауымы гендерлік саясатты қазір қаншалықты дұрыс түсініп жүр?
– Еуропалық гендерлік саясаттың көздегені біздегі саясаттан өзгерек. Оларда мынадай түсінік қалыптасқан. «Тұрмыстық шаруаларды әйел қалай атқарса, еркек те солай атқара білуі тиіс» деген. Мәселен, үйдегі кір-қоңды тазарту әйел мен еркекке бірдей жүктеледі. Біздің түсінігімізге бұл жат. Отбасындағы еркек пен әйелдің орнын ата-бабамыз бұрыннан-ақ айқындап кеткен. Әйел жұмыста басшы болса да, үйге келгенде өз орнын біліп, міндетін атқаруы тиіс. Тіпті ерінен көп табыс тауып келсе де, күйеуінің алдында ізетін ұмытпауы керек. Біздің елімізде жүзеге асырылып жатқан гендерлік саясаттың отбасы мәселелерімен қатар қаралатыны сондықтан. Түптеп, келгенде, тағы да әңгіме тағылым-тәрбие тақырыбына қарай ойысады. Отағасын сыйламаған шаңырақтан шыққан қыз ертең күйеуінің де қадіріне жетпейтіні айтпаса да белгілі. Өзіне құрмет көрсете алмаған әйелмен жігіт бірге өмір сүре ала ма? Сарапшылар қазір ажырасу фактілеріне қатысты қорқынышты статистиканы алға тартып отыр. Рес-публика бойынша әрбір төртінші отбасы айырылысып кетеді екен. Бұл жәйт мұсылман азаматтары басым біздің мемлекетке, ата-дәстүрі мығым қазаққа сын болып отыр. Жастар қазір тым құрығанда өзінің баласының алдындағы жауапкершікті сезінбейді.
– Бұл орайда жастардың шаңырағының шайқалмай, отбасы болып кетуіне мемлекет те белгілі бір деңгейде жауапкершілік танытуы керек сияқты. Жас отбасылардың баспаналы болуына, тұрмысын түзеп алу үшін оларды жұмыспен қамтуға мемлекет міндетті болуы керек деп ойлаймын.
– Мемлекет қарап отыр деп айта алмаймын. Қазір бізде «Қолжетімді баспана» бағдарламасы қолға алынып жатыр. Онда жас отбасыларды баспанамен қамту көзделген. Келесі жылдың өзінде-ақ қалада 3800 отбасыны бас-панамен қамту жоспарда бар. Оның ішінде жас отбасылар мен жетім балаларға арнайы көңіл бөлінген. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында жастарды жұмыспен қамту бойынша нақты мүмкіндіктер берілуде. Жастарға мемлекеттік қолдау керек, әрине. Өзіміз де жас болдық. Біз бірінші пәтерімізге 3-ші балам туылған кезде қол жеткіздік. Материалдық жағдай толық шешімін тапқан кезде ғана отбасы берік болады дегенге қосылмаймын. Жас отбасылардың отбасын сақтап қалуына олардың ата-анасы да жауапты. Парник көкөнісінің сыртқа шыққанда бірден үсік шалатыны сияқты шамадан тыс еркелеп өскен баланың ертең отбасын алға сүйреп кетуі екіталай. Баланы өмір сүруге дағдыландыру керек. Өмірдің ыстығы мен суығы қатар жүретінін санасына сіңіре білу – ата-ананың міндеті… Мәселен, Тәуелсіздік алған жылдан 1998 жылға дейін еліміз тоқырау кезеңдерін бастан өткерді. Халықтың тұрмыстық әлеуеті төмен болды. Зейнетақысыз, жалақысыз, жылусыз, жарықсыз да күндерді кешірдік. Қиын-қыстау кезеңдері елімізде бүгінгідей ажырасу болған жоқ. Әл-ауқатымыз әжептеуір түзелген бүгінгедей уақытта сол кезеңдермен салыстырғанда айырылысу фактілері екі есеге артып отыр. Қазір жұмыс жоқ дегенге де сенуге болмайды. Көп жастар дип-лом алған да, мамандық алмаған. Өткенде менің қабылдауымда география пәнінің мұғалімі мамандығын алған бір жетім қыз болды. «3 жылдан бері жұмысқа кіре алмай жүрмін, қазір жұмысқа тұру үшін ақшаң, тамыр-танысың болуы керек екен, менде екеуі де жоқ, көмектесіңіз» деп келіпті. Сосын «біліміңе сенетін болсаң, мен саған барынша көмектесіп, жұмыс тауып беремін» дедім. Келіскен уақытқа комиссия жинап күттік, келмеді. Телефонынына хабарлассақ, басқа жұмыс тапқанын айтты. Артынан білім беру бөліміне өзі барып, «ең болмаса, балабақшаға тәрбиеші етіп алыңыздаршы» дегенін естідік. Оны қайтіп алады. Тәрбиешінің мамандығын алмаған ғой… «Жұмысқа тұру үшін тамыр-таныс керек, пара беруің керек» деп шығарып жүрген осы білімсіздері мен біліксіздер…
Қазір ең көп мамандық заңгерге де орын көп. Біз өз саласына жетік, мықты заңгерге зәруміз. Жалпы, баланың қарым-қабілетін ата-анадан артық білетін адам жоқ. Бір бала есепке жүйрік, бір бала суреттке, спортқа демекші… Кейбір балаларда табиғатынан сөзіне сендіре алатындай, біреудің көзін жеткізе алатындай қабілет болады. Ондай баланы менеджерлікке, елшілікке баптау керек. Ата-ана жастайынан баланың қарым-қабілетін бақылап «сенің мына мамандыққа ебің бар» деп бағыттауы керек. Бізде қалай? Қыздарын «ауылға келін болып түсе қалсаң, мектебіне барып, сабақ берерсің, әйтеуір» деп мұғалімдікті оқытады. «Әйтеуір» деген соң, ол да «әйтеуір» оқып шығады. Қазір талап күшті. Бала тұрмақ мұғалімнің өзі күнде біліктілігін арттырып, үйренуі қажет. Себебі, ақпарат легі күн сайын жаңарып отыр. «Парамен ғана жұмысқа тұрады» дегенді санадан сылып тастау керек. Ол заман өтті. Қазіргі мектеп директорларының басым бөлігі «парамен жұмысқа кірген біліксіз мұғалімнің кесірінен жыл сайын сөз естігенше, өз саласын жітік білетін маманды жұмысқа алып абырой тапқаным жақсы» деп ойлайды. Өйткені, талап күннен-күнге күшейіп келеді.
– Осылай, сауатты, өркениетті қоғам қалыптастыруға әрекеттеніп жатқан тұста кейбір қыз-келіншектеріміз жат дінге бет бұрып, бастан-аяқ тұмшалап алатынды шығарды. Ерлердің арасында да қаба сақалды, қысқа балақтылар өріп жүр. Өзге дінге кіріп, адасып жүргендердің қатары күн санап көбейіп келеді. Мемлекетіміздің өрлеуіне кереғар әсер етіп, ел ішінде алауыздық туғызатын бұл жәйтке тосқауыл қоятын кез жеткен сияқты….
– Біз бұған тек заңды қатайту арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Басқа жолды көріп тұрғаным жоқ. Біздің қыз-жігіттер әлдебіреулердің арбауында кетіп, оғаш киінуді де ар санамайтын деңгейге жетті.Бүркеніп жүргеннен адам иманды болып кетпейді. Иман – жүректе. Қазір теріс ағымдар секта-сектаға бөлініп, жұрттың миын қатырып жүр. Ертең олар күш біріктіреді. Қауіптің зоры сол кезде болады. Қазір анасы киген хиджабты қызы да киіп жүр. Әлі оң-солын танымайтын кішкентай қыз оны не үшін киіп жүргенін өзі де білмейді. Мектепке барса, оған мұғалімдер ұрсады. Үйге келсе, ата-анасы хиджаб киюге мәжбүрлейді. Осындай қысым көрген бала өз орнын таба алмай, қазіргі қоғамға деген көзқарасы өзгере бастайды. Өзін жарып жіберу, шахид болу дегеннің барлығы осындайдан басталады.
– Басқа өңірлерге қарағанда, бүркенген қыз-келіншектер мен сақал өсіріп, қысқа балақ кигендер біздің оңтүстікте жиі ұшырасады. Қазағы қалың, ата-баба дәстүріне берік біздің өңір ондайларға қалай жол беріп қойды?
– Ең алдымен біздің аймақтың геосаяси орналасуының ерекшілігі деуге болады. Екіншіден, Кеңес Үкіметі құлаған тұста, өз құндылықтарымызды қайтарып алуға әрекет жасаған бізге дұрыс жол сілтейтін дін қызметкерлері болмады. Дінді Арабияда жақсы оқытады деп білген біз жастарды діни білім алсын деп сол жаққа жібердік. Ал онда 70-80%-ы вахабилер мен салафиттер болды. Одан кейін барлық өзге ниеттілерге есігімізді айқара ашып тастадық. Енді қазір солардың зардабын тартудамыз. Қалай дегенмен, етек-жеңімізді жиятын кез келді. Отбасы демографиялық мәселелермен қатар жүретін гендерлік саясат дін мәселесін де айналып өте алмайды. Себебі, бұл сайып келгенде әрбір отбасының мәселесі.
– Гендерлік саясаттың сіздің отбасыңыздағы үлгісі қандай?
– Екі ұл, екі қызым бар. Статистика жағынан теңдік. (Күліп) Қазір жұбайым үйде балалардың тәрбиесімен айналысуда. Үйдің шаруасы, балаларды сабаққа, үйірмелерге апарады. Соңғы кездері мен үйдегі жеңгеңе «біз де заманауи отбасы болайық, сен де жұмыс істе» деп айтып көрдім. Ренжігендей болды, көлік жүргізуге де ынтасы жоқ.
Айтайын дегенім, барлық отбасына бірдей бақыт формуласы жоқ шығар. Берік отбасы- мемлекет тірегі, сондықтан да әр отбасыға бірлік-ынтымақ, амандық пен саулық тілеймін!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан — Мақпал РЫСБАЕВА