Көкөніс қоймасының пайдасы мол

Диханшы Абай Жайнақовты

Бәйдібек ауданындағы шаруалардың өндіргенін алыпсатарлар алып, қоймада сақтап, қыс мезгілінде қымбат бағада сатып жатататыны бар. Әсіресе, қыста жеміс-жидек, картоп құны шарықтап шыға келеді. Сол үшін де ауданда сыйымдылығы үлкен қоймалар салу ісі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе болып отыр.

Диханшы Абай Жайнақовты
Диханшы Абай Жайнақовты

Бұл ой «Мырза» шаруа қожалығының төрағасы, диханшы Абай Жайнақовты көптен бері мазалайтын. Ойлана келе, ол өнімді сақтайтын қойма салу керек деп шешті. Жоспарлаған ісін жүзеге асырып, жерді тереңдетіп қазып, қабырғасын кәдімгі саз балшықтан құйылған кірпішпен қалыңдатып көтеріп, сыйымдылығы 100 тонналық қойманы салып алды. Көкөністің қыстың көзі қырауда үсіп кетпей, қажетті температурада сақталуына жағдай жасалды. Аталған шаруашылық биылғы 4 гектар алма баудан түскен 20 тонна өнімді түгелдей қоймаға орналастырды. Енді қыстан қысылмай шығатындарына сенімді. Бұрындары жиналған өнімнің көбі шіріп кете береді екен.

Қойма салуды бастағанда Абекеңнің бұл ісінің орындалатынына күмәнмен қарағандар көп болыпты. Өйткені біз көзімізге суытып-жылытатын қондырғылары бар заманауи қойманы елестетеміз де, оны салу мүмкін еместей көрінеді. Ал, Абай Жайнақовтың жер астынан салынған қоймасына ешқандай қондырғы орнатудың қажеті жоқ. Ішінде табиғи қалыпта бір температура сақталып тұрады. Қазір қоймаға жиналған «Жаңа таң» деп аталатын алма дақылдары қолжетімді бағамен сатылуда. Қазірдің өзінде аудан тұрғындарына келісін 100 теңгеден 10 тоннаға жуық алма сатылыпты.

 Аталған шаруашылық биылғы 4 гектар алма баудан түскен 20 тонна өнімді түгелдей қоймаға орналастырды
Аталған шаруашылық биылғы 4 гектар алма баудан түскен 20 тонна өнімді түгелдей қоймаға орналастырды

– Пісіп жетілу мерзіміне қарай алманың үш түрлі сорты бар. Олар: жаздық, күздік, қыстық. Алманың жаздық сорттарының дәмділігі жинап алынғаннан кейін 7-10 күнге дейін табиғи күйінде сақталып тұрады. Ал енді алманың күздік сорттарын жинап алғаннан кейін оларды 1-2 апта сақтап қояды. Сонда ғана оның дәмі келеді де, ол 1,5-2 айға дейін сақталады. Алманың қысқы сорттары болса, жеті айға дейін табиғи дәмін сақтап, тәттілігі тіл үйіріп тұрады. Ұзақ мерзімге сақталатын түрлерін ауа – райымен санаса отырып, кешірек жинауға тырысамыз. Егерде алма пісіп, жетілу мерзімінен ертерек жиналса, оны ұзақ уақытқа сақтауға келмейді. Алманы ұзақ мерзімге сақтап қою температурасы – 0 градус. Әсіресе, еш жеріне дақ түспегенін неғұрлым ұзақ сақтауға болады, – дейді диханшы А.Жайнақов.

Бағлан БАЛТАЕВ