Қырғызстаннан Қазақстанға ерте пісетін көкөніс жеткізіледі

188

Қазақстан Қырғызстанмен көкөніс жеткізу бойынша келісімге келді. Сондай-ақ, Бішкек қазақстандық өнімді сатып алады, деп хабарлады Қазақстанның сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі. Бұл келісім министр Бақыт Сұлтановтың Қырғызстанға жұмыс сапары кезінде жасалды.

Азық-түлік саласындағы келісімшарт ведомство басшылары мен қазақстандық бизнесмендердің көрші елге іссапарының нәтижесі болды. Осылайша Қазақстаннан Қырғызстанға жылдам дайындалатын кеспе жеткізу бойынша экспорттық мәміле жасалды.

Сонымен қатар, Қазақстан мен Қырғызстан компаниялары қазақстандық нарыққа жалпы құны 1 миллион доллар болатын ерте піскен көкөніс жеткізу бойынша мәмілеге келді.

«Біздің бағалауымыз бойынша сақтау және логистика жүйесін құру Қырғызстаннан жеміс пен көкөніс экспортын 90 миллион доллардан 175 миллион долларға дейін 2 есе арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жеміс пен көкөніс өнімдерінің шығынын 40-тан 10%-ке азайтуға ықпал етеді», – деді Бақыт Сұлтанов.

Шынар Оразова