Жексенбі күні жертөлесіндегі жылу элеваторы жарылып, суы тасыған Шымкент өңірлік мемлекеттік мұрағаттың бүлінген құжаттары ретке келтірілуде. Том-том болып, су астында қалған құжаттардың басым бөлігі — бұрынғы қорғасын зауытына тиесілі.
Оқыс оқиға орын алған күні келген тілшілерді мұрағатқа кіре алмаған болатын. Жағдайды сырттай бақылаған бұқаралық ақпарат құралдарынің өкілдері жерге тізіле жайылған құжаттарды байқаған еді.
Ал бүгін облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы олқылықтардың орны толтырылғанын жариялады.
Қабылбек Төретай,ОҚО мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы: «Суланған, дымқылданған құжаттарды том-том қылып, далаға шығарып, кептіріп алдық. Олардың көпшілігі қорғасын зауытының құжаттары еді. Құпия құжаттар емес. Еңбек өтілі дейміз ғой, сондай құжаттар. Ағып кеткен,бүлініп кеткен немесе еріп кеткені жоқ. Сыртындағы да, ішіндегі де жазулары көрініп тұр. Біз қалпына келтіріп, орындарына қойып жатырмыз.»
Мұрағат ғимаратының алдына «3-Энерго орталықтың» мамандары жиналды. Сығымдау жұмыстарының басы-қасында болып, жылуға дайын деп қабылдап алған да осылар.
Әбілқасым Шотыбаев, «3-Энергоорталық» АҚ жылу инспекциясының инспекторы: «Сығымдау жұмыстарын мұрағаттың мамандары өз күшімен жүргізді. Сол жасалынған жұмыстарды біз қабылдап алдық. Элеватор жүйесі осылардың меншігіне қарайды. Біз ішкі жүйеге жауап бермейміз.»
Сонымен, мұрағат жертөлесіндегі элеватор жарылған. Атқылаған су көрші бөлмедегі құжаттарды бүлдірген. Қазір материалдардың басым бөлігі кептіріліп жатыр. Қызметкерлер үздіксіз жұмыс тәртібіне көшкен.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=pq1DypQNmOg[/youtube]