Пәтеріңіз жылымаса өзіңіз кінәлісіз

Жылу жүйесі«Пәтердің жылымауына тұрғындардың өздері кінәлі». Бүгін облыстық энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Батырша Маханов диспетчерлік қоңыраулар арқылы түскен арыз-шағымдар бойынша осындай мәлімдеме жасады.

Айтуынша, көп қабатты үйлерге жылудың жеткені — басқарманың міндетін орындағаны болып табылады. Ал пәтерлердегі кейбір бөлмелердің жылымай қалуына пәтер қожайындарының өздері кінәлі. Ал кезекші бөлімге түсіп жатқан арыз-шағымдарды дұрыс түсініңіздер дейді.

Өйткені, оны жергілікті жұрт өз қалтасынан ақша шығарып жасауы тиіс екен. Сондықтан, ішкі жылу жүйесінің құбырларын жөндеу басқарманың міндетіне кірмейді деп отыр. Айта өткен жөн, қала бойынша 2 мыңнан аса көпқабатты үй орталық жылу жүйесіне қосылған.

Батырша Маханов, Облыстық энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары: «Біз үйдің элеваторлық бөліміне дейін жылумен қамтамасыз етуге тиіспіз. Ал сол элеватордан ары қарай тік құбырмен этаждарға жылу кіреді. Сөйтіп көлденең құбырмен жүрген жылу үйді жылытады. Ал жеке меншікке бізге кіруге құқық жоқ. Сондықтан ол кісілер ережеге сәйкес өздері жылуға дайындалуы тиіс».