Дін тақырыбындағы форум өтті

Форумға жиналғандар бір ауыздан "Имандылықты кимімен емес, жүрегімен дәлелдесе, келеңсіздіктерге орын болмайды", - деген байламға тоқтады.

«Дін және әйел». Шымкентте осындай тақырыппен форум өтті. Бұған дейін Алматы, Атырау, Көкшетау, Павлодар, Қызылорда өңірлерінде өткен шараны Президент жанындағы әйел істері, отбасы, демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы, Дін істері агенттігі, облыс әкімдігі және Білім министрлігі бірлесіп ұйымдастырып отыр.

 Оразгүл Асанғазықызы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Бүгін бар білгенімізді Оңтүстік Қазақстанның қыздарына айтуға келдік. Ұлттың тәрбиесі де, отбасының тәрбиесі де қыздың қолында. Сондықтан қыздарымыздың ар-ұяты өздерімен бірге болу үшін біз бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек.»

Форумға жиналғандар бір ауыздан "Имандылықты кимімен емес, жүрегімен дәлелдесе, келеңсіздіктерге орын болмайды", - деген байламға тоқтады.

Форумға қатысушылар жастарға Қазақ халқының дәстүрлі құндылықтары негізінде тәрбие беру, отбасы және неке институтын сақтау және насихаттау, әйел, қыз баласының мәртебесі, олардың құқын сақтау және нығайту мәселелерін талқыға салды. Баяндама жасаған Дін істері агенттігінің басшылығы, депутат ханым, жас ғалымдар қазір, ең алдымен, діни сауаттылықты арттыру және қыз баласының иманы мен ибалығы бүкіл қоғам үшін маңызды екенін мысалдармен келтіріп, жастардың да пікірін тыңдады.

 

 

Жұлдызай Ыбраева, студент: «Барлық асыл қасиеттердің барлығы анадан, әйелден тарайды. Сондықтан ананың, яғни, қыз баланың бойында барлық ізгі қасиеттер болуы тиіс. Сонымен қатар, ең бастысы — дін. Әйел адам дінді құрметтеуі керек. Соның арқасында ол өз бала-шағасына, ұрпағына жақсы тәрбие, өнеге береді деп ойлаймын.»

«Қызым — үйде, қылығы — түзде» деген сөзді айтқан дана Қазақ қызын болашақ ана ретінде бағалайды. Шатағы мен шытырманы көп мына заманда қыздарымыздың талай оқиғаға ұшырап жатқаны жасырын емес. Форумға жиналғандар бір ауыздан «Имандылықты киіммен емес, жүрегімен дәлелдесе, келеңсіздіктерге орын болмайды» деген байламға тоқтады.

Мұнан соң форум мүшелері қоғамның діни сауатын арттыруда бұқаралық ақпарат құралдарының орны қандай Осы бағытқа қалам сілтейтін журналистердің білімі қай деңгейде? деген сауалдарға жауап іздеді. Соңғы кезде «дүрбелеңі дендеп бара жатқан жат пиғылды діни ағымдарға тосқауыл қою үшін халықтың сауатын арттыру қажет» деген лауазымды мамандар мемлекеттің дін мәселесіне дер кезінде тиісті көңіл бөлмегенін де мойындап отыр. 

 Оңтүстік Қазақстан облысында 400-ден аса бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген. Ондағы тілшілер діни тақырыпқа әрқайсысы өзінің қарым-қабілетінше қалам сілтеп жүр. Бірақ, оның барлығы бірдей сапалы дүние деуге келмейді. 

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=CoWt1_Z6ZGU[/youtube]

Асылбек Досалы, «Оңтүстік Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары: «Мамандандырылған журналистика бізде жоқ. Сол себепті де болу керек, дін тақырыбына біздің кез-келген журналист қалам тартып жүр. Бірақ, солардың барлығы тереңге барып жатыр деп айта алмаймыз.»

Қоғамның діни сауатын арттыру бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Өйткені наным-сенім саласында сауаты саяз жастардың көбісі теріс ағымдардың жетегінде кетуде. Қоғамдық пікір қалыптастырудағы басты қару — бұқаралық ақпарат құралдарында сауатты қозғалмаған дін мәселесі жағдайды ұшықтырып жіберуі мүмкін.

Мұхамеджан Естеміров, ОҚО бойынша өкіл имам орынбасары, баспасөз хатшысы: «Жас журналистер, әсіресе, діннің байыбына бармай, діннің мағынасына бармай, шолақ ойларын жазып жатады. Бізде ақпарат орталығы бар. Осы тұста дін тақыбырында жазатын азаматтарымыз, журналистеріміз облыстық мешітке келіп, дін мамандарынан санасып жазатын болса, көптеген мәселе шешіледі деп ойлаймын.»

 Бүгінгі қоғамымызда діни сауаттың төмендігі кешегі атеистік өткенге тікелей байланысты. Ал Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары экономикаға баса назар аударған мемлекеттің бұл саланы реттеуге да мұршасы болмағанын дін істері жөніндегі агенттік өкілдері де мойындап отыр. Сондықтан, осы олқылықтың орнын толтыруда тұтас қоғам белсенуі тиіс.

Ғалым Шойкин, Дін істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары: «70 жылдың ішінде, атеизмнің кесірінен, одан кейінгі 22 жылдың ішінде біз дінге көп көңіл бөлген жоқпыз. Сондықтан, осы вакуумды толтыру үшін, біздің ойымызша, халықтың арасында діни сауаттылықты көтеруге барлығымыз атсалысуымыз керек.»

Жат ағымдар «жайылып кетсе», ұлттық қауіпсіздікке қатер төнері айтпаса да түсінікті. Алайда, ең басты қауіпті әлі де толық түйсінбей отырған сияқтымыз. Саясаты сезік тудыратын секталар мен теріс ағымдарға арбалғандардың қарасы көбейген сайын Қазақ төл мәдениетінен айырылып, ұлт эволюцияға ұшырауы мүмкін. Ал оның салдарын ешкім де дөп басып болжай алмайды. Сондықтан, дін тақырыбына материал дайындағанда журналист ең алдымен мемлекеттік құрылымды ескеріп, Атазаңмен санасуы тиіс.