Қазақстанда жуырда техникалық байқау талондары алынып тасталмақ. Бұл туралы Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев мәлімдеді. «Заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізіліп, ақпараттық жүйе іске қосылғаннан кейін техникалық байқаудан өткенін қағаз жүзінде дәлелдеудің қажеті болмайды. Жол полициясының инспекторларына бұл мәліметтерді электронды базадан онлайн-режимде көре алатын мүмкіндік туады.
Министрлік техникалық байқауды өткізу ережелеріне тағы бір өзгеріс енгізуді көздеп отыр. Көліктің техбайқаудан өткеніне дәлел ретінде автокөліктің суреті ғана емес, тексерілу барысын көрсететін бейнежазба да сұралатын болады. Бұдан басқа, министрлік техникалық байқаудың көзбе-көз тексерілетін параметрлерін қысқартуды да жоспарлап отыр. Сала мамандарының сөзіне қарағанда, автокөліктерді байқаудан өткізудің міндетті тізімінде бұрынғыдай аккумуляторды, қосымша дөңгелектердің кронштейні және жарық сәулесін түсіретін тетіктердің тексеру болмауы мүмкін. Ендігі жерде құзырлы орган заңсыздыққа жол беретін техникалық байқау орталықтарының ісін де майшаммен қарамақ. Айта кетейік, жуырда елімізде екі бірдей техникалық байқау орталығына көліктерді тексермей талон таратқаны үшін айыппұл салынды. Министр егер осындай жағдай тағы да қайталанатын болса, бұл орталықтардың тізімнен шығарылып тасталатынын қадап айтты. Ал былтырғы жылы техникалық байқау жүйесі пилоттық режимде республика бойынша 3 мың көліктің жалған техникалық байқау құжатын анықтаған. Жалған техникалық байқау құжатын жасаудан Оңтүстік Қазақстан облысы да қалыс қалмаған. Өңіраралық көліктік бақылау инспекциясы былтыр өз тарапынан техникалық байқаудан өткендігі туралы жұртқа арзан бағамен жалған рұқсатнама таратып жүргендерге қатысты 9 істі құзырлы органдардың қарауына жіберген болатын.
Жуырда халық қалаулылары да жаңаша ойды ортаға салды. Олар жаңа көліктердің техникалық байқаудан өту мерзімін төрт жылдан бес жылға ұзартуды ұсынды. Депутаттар бұл ұзартуды «Жол қозғалысы туралы» жаңа заң жобасына енгізуге құлық танытып отыр. Бұл ұсынысты Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция Комитетінің төрағасы Игорь Лепех де қолдап отыр. Алайда бұл нақты шешім емес. Өйткені, Заң жобасын әзірлеуші тарапқа өз пікірін білдірген депутаттардың мұндай пікірі заңды күшіне енуі үшін белгілі уақыт аралығында бірнеше сала мамандарының сараптауынан өткізілуі тиіс. Сондай-ақ, қалаулылардың арасынан «Сенімхат» пен «Техбайқау» азаматтардың өз жауапкершілігінде қалуы тиіс деп есептейтіндер де табылды. Бұл – Мәжіліс депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Хатшысы Меруерт Қазбекованың пікірі. Оның ойынша, жүргізушілер қауымына артық жүктеме міндеттеліп қойған. «Көлік иесі өз меншігіндегі көлігін міндетті техникалық байқаудан өткізу үшін қандай да бір мекемелерге тиісті мөлшерде ақша аударады. Бұл қисынсыз қаражат», – дейді ол.
Халық қалаулысының пайымынша, егер азамат өз көлігін қоғамдық немесе өндірістік мақсатта емес, тек өз отбасы мен жеке игілігі үшін ғана пайдаланатын болса, көлікті техбайқаудан өткізуге міндеттемеу керек. Кез-келген азамат көлікті жеке мүддесіне ұқыпты пайдалана отырып, бар жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс. Оның ойынша, тап осы сияқты екіұшты тағы бір мәселе бар. Ол – кісінің көлігін «сенімхат» арқылы жүргізуді міндеттеу. М.Қазбекованың ойынша, ол да артық жүктеме. «Бұл аздай, оны нотариус арқылы куәландыруы талап етіледі. Оны да азаматтың өз еркіне қалдырған жөн. Яғни, бұл екі мәселеде меншік иесінің өз таңдауы болғаны ләзім. Қайсысын таңдаса да, заң аясында жасасын» деген ол, құзырлы мекемелерді осы мәселелерді жан-жақты қарап, белгілі бір шешім қабылдауға шақырды.
Техбайқау қажет емес. Не үшін?
Техбайқауды міндеттеуге қарсы тараптың өз уәжі бар.
Біріншіден, орталықтар көліктерді жылына бір рет тексереді. Әлгі көлік тексеруден шыға салысымен шұңқырға түсіп, онда ақау пайда болды делік, көлік иесі оған қайтып бармайды. Техбайқау орталығы өзіне тиесілі ақшаны алды, әрі қарай – көлік жүргізушінің проблемасы.
Екіншіден, көліктің ақауына қатысты болатын жол-көлік оқиғалары барлық жол апаттарын қосқанда 1 ғана пайызды құрайды екен. Олай болса, жүргізушілерді техбайқаудан өткізуге неге сонша күш саламыз?
Үшіншіден, елімізде 3 млн автокөлік болса, әрқайсысынан қаншама қаржы жиналады, оның бәрі әлдебіреулердің қалтасына кетіп жатқан ақша. Бұл орайда, бізге ресейліктер сияқты сақтандыру полисін алғанда, тексеруден өтетін диагностикалық орталықтар оңтайлы. Өйткені, мұндай орталықтар өздері жөндеген бөлшектерге белгілі бір мерзімге кепілдік бере алады. Қазақстандық сарапшылардың айтуынша, техбайқау нарығының заңсыз айналымы 9 млрд теңгені құрайды. Ал Ресей міндетті техбайқауды тоқтатты. Сөйтіп, 19 млн автокөлік иелері жыл сайын төлеп отырған қосымша салықтан құтылды.
Түйін:
Еуропа мен Америкаға теңесуге бізде жағдай жоқ. Олар әрбір 4-5 жылда автокөлігін ауыстырып отырады, сондықтан техникалық байқау деген проблема емес. Ал, техбайқау міндеттелмесе, біздің жүргізушілер жауапкершілікті сезіне ала ма? Қарапайым мысал, өрт сөндіру құралы әрбір көлікте болуы тиіс. Өкінішке орай, көптеген көлік жүргізушілері былайғы уақытта бұл құрылғыға тіпті мән де бермейді. Ол туралы тек техникалық байқауға барар алдында ғана ойланады. Тіпті, өзге жүргізушіден өрт сөндіру құралын сұрап алып, байқауға барып келетін көлік иелерінің де көп екенін жасыра алмайсыз. Өкінішке орай, өз қауіпсіздігіне атүсті қарайтын ондай көлік иелері өрт сөндіру құралының қадірін көліктері өртене бастағанда бірақ түсінеді. Бұл мысал жүргізушілер қауымының техникалық байқауға тек талон алу үшін ғана баратынын дәлелдей түседі. Ал байқауды жүргізушінің патша көңіліне қалдырсақ, өрт сөндіру құралын түгелдемек түгілі, тіпті тежегішін сайлауға да мойны жар бермейтін жүгізушілер әлі-ақ қара жолда ентелеп жүйткіп жүрері сөзсіз.
Бет қатталып жатқанда…
Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев техникалық байқаудың көзбе-көз тексерілетін параметрлерінің қысқартылатынын алға тартты. Техбайқау жүйесінен алынып тасталатын параметрлер жөнінде білу мақсатында өңіраралық көліктік бақылау инспекциясына хабарластық. Ондағы мамандардың айтуынша құзырлы министрліктен әзірге техбайқау жүйесіне қатысты ешқандай өзгертулер туралы нұсқау келмеген. Бұл құжат келгенше техбайқау ораталықтары көліктерді бұрынғы тәртіп бойынша тексеруден өткізуді жалғастыра бермек.
Мақпал РЫСБАЕВА
Руслан Кулибаев, ОҚО әкімшілік полиция басқармасы емтихан-тіркеу орталығының мемлекеттік автоинспекторы:
– Жүргізуші-ден сенім-хатты талап ету дұрыс деп ойлаймын. Себебі, бүгінгідей жол апаттары жиілеп отырған кезде бұл құжатты талап етуді міндеттемеу көптеген заңсыздықтарға жол беруі мүмкін. Сенімхаттың 2 түрі бар. Бірі – нотариуста заңдастырылған, бірі – көлік иесінің өз қолымен жазылған сенімхат. Ондай сенімхаттар біздің орталықта тіркеуге алынады. Бұл арқылы жол апаттары орын алған жағдайда көлік иесін тез тауып аламыз.