Жыл соңына қарай Оңтүстік өңірінің үздіктері марапатталды. Салтанатты шара білім саласының үздіктерін марапаттаудан басталды. Профессор Біржан Шәкіров өңіріміздің ең үздік ғалымы атанды. Мақтаралдағы №6 мектеп ең үздік білім ошағы боп танылды. Ең үздік арнайы оқу орны ретінде Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжі аталса, «Жылдың үздік ұстазы» деп 8-гимназияның мұғалімі Ольга Морозова танылды. Балалардың өнерге құштарлығын арттыруда жалықпаған Жомарт Сейітбеков та үздіктердің қатарында.
Жомарт Сейітбеков, Арыс қаласындағы дарынды балаларға арналған мектептің директоры, «Үздік сазгер» номинациясының иегері: «Жастар қазір талантты. Оларға дұрыс бағыт-бағдар берілсе, талай белестерді бағындыруға дайын. Бүгінде өнер адамдарына Үкімет тарапынан қолдау жақсы. Мүмкіндіктерді жібермей, тек еңбектену қажет. Келер жылға жоспарларым мол. Өлеңдерім топтастырылған екінші кітабым басылып шықпақ.»
Денсаулық сақтау мекемелерінің арасында қалалық жедел жәрдем көрсету ауруханасы ұжымының еңбегі жанды. Науқастар мен қарияларға тынбай қолдау көрсеткен жандардың мейірімі де ескерусіз қалмады.
Карима Тастанова, Сарыағаш ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы: «Әлеуметтік салада қызмет жасау — оңай емес. Алайда барлығының көңілінен шығуға тырысамыз. Ата-апаларымызға қолымыздан келген барлық қолдауды көрсетіп келеміз.»
Наргиза Хайтқұлова, Сайрам ауданындағы ардагерлер үйінің медбикесі: «Ардагерлеріміздің денсаулықтары мықты, ғұмырлары ұзақ болсын. Жаңа жыл әрбір отбасына амандық, бақыт, береке ала келсін!»
Марапатталғандардың құрметіне өңіріміздің шығармашылық ұжымдары мерекелік бағдарлама әзірледі. Үздіктердің қатарынан көш бастаған Сәт тобы да жаңа жылдық әнін тарту етті. Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағын асқақтатқан спортшымыз Біржан Жақыповтың да биыл бағы жанды.
Біржан Жақыпов, бокстан әлем чемпионы, Созақ ауданының құрметті азаматы: «Қажырлы еңбектің, халқымның қолдауының арқасында осындай жетістікке жеттім. Егеменді Қазақстанның туын көтергенімді мақтан етемін. Барша жанкүйелерге, жерлестеріме бейбіт өмір, ашық аспан тілеймін. Отбасыларында қуаныш, шаттық үзілмесін. Жаңа жылда жағымды жаңалықтармен қауышайық.»
Құрылыс саласында «Мух-Дан» ЖШС үздік деп танылды. Үздік құрылысшы — Дәурен Ахметов, жол құрылысы бойынша үздіктердің қатарынан «Түркістан Жолсервис» ЖШС көрінді. Үздік ақын номинациясының иегері — Тойғанбай Құралбай, үздік жазушы — Бегман Ысқақ, «Оңтүстік Фильм» мекемесінің директоры Батырхан Дәуренбеков те үздіктер қатарында. Үздік спорт мектептерінің қатарында Серік Оңғарбаев басқарған мекеме көш бастады. Үздік дәрігер номинациясына Алтын Досанова лайықты деп танылды.