Өткен жылдың үздіктері

797

Оңтүстіктің үздіктері анықталды. Өткен жылы Оңтүстік өңірінің өркендеуіне, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және рухани дамуына үлес қосқан үздіктердің еңбегі еленді. Әр салада жемісті еңбек етіп, халыққа сапалы қызмет көрсетуде абырой биігінен көрінген азаматтарға «Жыл үздігі» номинациясы табысталды.

Үздіктерді өңір басшысы Жансейіт Түймебаев марапаттады. Облыс әкімі жыл бойы атқарған істі бағалап, сол жолда жемісті еңбек еткен азаматтар мен еңбек ұжымдарын 52 аталым марапаттады. Сонымен қатар оларды құттықтап, алғысын білдірді.

Елбасымыз өзінің рухани жаңғыру жөніндегі бағдарламалық мақаласында «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықтағы бағасы, болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» деп атап көрсеткен болатын. Сіздер өз салаларыңызда қажырлы еңбек етіп, табандылық танытып, шығармашылық ізденістеріңіздің өрісін кеңейте білдіңіздер. Осы ізгі қасиеттеріңіздің арқасында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атандыңыздар. Осынау жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтаймын», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Салтанатты жиын барысында ІІ дәрежелі «Достық» орденімен «Собкор», «РАБАТ редакциясы» және «Dата» ЖШС-ның директоры Валентина Куликова наградталды. Оңтүстіктің медиа саласының өркендеуіне ұзақ жылдар бойына өз үлесін қосқан білікті басшының еңбегі осылайша еленді.

Сондай-ақ, «Құрмет» орденімен «Иассы» консорциумының төрағасы Үмбет Жүсіпбаев, «Облыстың Құрметті азаматы» атағымен Досым Сүлеев, Асылы Осман, Серікжан Сейітжанов, Өмірзақ Мелдеханов, Орынбай Дайырбековтер марапатталды. Ал, «Облысқа еңбек сіңіргені үшін» медалі Жұмабек Есімовке табысталды.

Жыл үздіктерінің қатарында сазгер Мұхтар Құралов «Жылдың үздік композиторы», айтыскер ақын Жарқынбек Наушабеков «Жылдың үздік ақыны», Дулат Тұрантегі «Жылдың үздік жазушысы», «Бөрте Милка» ЖШС-ның директоры Нұралы Әбішев «Үздік инновациялық жоба», «Петро Казахстан Ойл Продакс» ЖШС-ның директоры Цзян Ши «Жылдың үздік инвесторы» аталымын жеңіп алды.

Сондай-ақ, Қазақстан Суретшілер одағының облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Шилібаев «Жылдың үздік суретшісі», «NAR TV» телеарнасының директоры Ерсұлтан Әмірбек «Жылдың үздік журналисі», Шымкент Университетінің аға оқытушысы Айжарқын Садықбекова «Жылдың үздік ғалымы», Кентау қалалық №3 «Білім-инновация» ер балалар лицей-интернатының мұғалімі Ғани Орынбасаров «Жылдың үздік ұстазы», Шымкент қалалық №2 облыстық перинаталдық орталығының бөлім меңгерушісі Гүлнар Әлменова «Жылдың үздік дәрігері», бокстан әлем чемпионы Қайрат Ералиев «Жылдың үздік спортшысы» атанды. Жыл қорытындысымен үздік деп танылғандарға облыс әкімінің дипломы мен естелік кәдесыйлары табысталды.

Сонымен қатар, мерекелік шарада Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы шеңберінде жыл бойы ұйымдастырылған «Туған жер – алтын бесігім» облыстық фестивалінің жеңімпаздары марапатталды. Бас жүлдені иемденген Төлеби ауданына газель автокөлігінің кілті табысталса, алғашқы үштіктен көрінген Созақ, Бәйдібек, Отырар аудандары жеңіл автокөліктерді иемденді. Сонымен бірге осы бағдарламалық мақаласында айтылған «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына Оңтүстік Қазақстан облысынан енгізілген азаматтарда қошеметке ие болды.

Валентина Куликова: «Собкор», «РАБАТ редакциясы» және «Dата» ЖШС-ның директоры, ІІ дәрежелі «Достық» орденінің иегері: Бұл марапат – менің ұжымыма да тиесілі. Олардың атқарған және алда атқаратын еңбектерінің нәтижесі. Ұжымда шыншыл, белсенді, қоғамның барлық саласына араласып, қалам қаузайтын журналистер көп. Олардың әділдікті жақтап, шыншыл болуын мақтанышпен айта аламын. Біз 25 жыл бойына бір минут те эфирден түспедік. Халықпен бірге болдық. Мұң-мұқтажына ортақтасып, қуанышын да айта білдік. Көрерменмен қатар тыныстап, бірге өмір сүрдік. Біздің тек телеарна-газетіміз ғана емес, сайтымыз да бар. Күніне 30 мың қаралым жинайды. Бұл бізді ынталандырып, шабыт сыйлайды. Халыққа жақын екендігіміздің белгісі. Әрі қарай да осы бағытымыздан танбай жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл орден біз үшін өте маңызды. 25 жылдық еңбегіміздің бағасы деп білемін.