Оңтүстікте заңсыз аңшылық тыйылмай отыр. Жыл ішінде «аңшылар» табиғатқа 300 мың теңгеден астам залал келтірген. Бұл туралы аймақтық орман және аң шаруашылығы инспекциясының мамандары мәлімдеді.
Табиғатты қорғау туралы заң күн санап қатаңдағанымен, Қызыл кітапқа енген аң-құстарды атып алушылардың қатары азаяр емес. Биылдың өзінде жоғалып кетудің алдында тұрған жануарларды заңсыз атудың 3 фактісі тіркелген.
Нұрбатыр Есенов, аймақтық орман және аң шаруашылығы инспекциясының бас маманы: «Облыс бойынша тіркелген фактілерді атап айтар болсақ, біріншісі, 2 бірдей қарақұйрық атып өлтірілген. Тағы бір факті Қызыл кітапқа енген қарабауыр бұлдырықтың оққа ұшуы. Және заңсыз атылған жануарлар арасында минзбир суыры бар. Көптеген аңшылар кезінде жергілікті инспекция арқылы мемлекеттік аңшылық жасау құқы үшін билеттерінің мерзімін ұзартып жүретін. Ал дәл қазіргі уақытта бұл мерзімді ұзарту құзыреті облыстық аң және балық аулау бірлестігіне берілген.»
Жалпы алғанда, биыл жыл басынан бері инспекторлар браконьерлердің үстінен 125 хаттама толтырған. Олардың ішінен 52-сі заңсыз аңшылықтық еткен. Бұл үшін салынған айыппұлдың сомасы 900 мың теңгені құрады.
Осы орайда аңшылардың назарына тағы бір ақпарат. Ағымдағы жылдың 31-желтоқсанынан бастап таутеке, сібір елігі мен қабанын атуға берілген лицензиялық рұқсаттың мерзімі аяқталады.