Дүмше молда дін бұзар. Қазақ елі тәуелсіздік алған соң жастар діни сауатын ашу үшін жер-жерлерге аттанды. Олар Ислам дінін меңгеріп қана қоймай, сол елдің дәстүрін де бойларына сіңіріп қайтты. Елге оралған діндарлардың кейбірі қаба сақал өсіртіп, келте балақты шалбар киді. Ал қыздарымыз паранжа мен хиджапты кие бастады. Ислам қағидаларына сай шашына сыңғырлаған шолпысын тағып, басына тақия, үстіне ұзын жеңді, қос етекті бүрмелі көйлек киген қазақ қызын кездестіру бүгінде қиын.
Қазіргі таңда сол жастар елдегі діни алауыздықты ушықтырып қана қоймай, ата-бабамыздың салт-дәстүріне де қарсы. Қоғамдағы дертке айналып бара жатқан мұндай құыбылысты ауыздықтау үшін тек дін өкілдері ғана емес, мемлекет те араласып отыр.
Осыған орай Шымкент қаласында дінтанушы, білікті имам және ішкі саясат басқармасының әлеуметтік бастамалар орталығы қызметкерлерінен арнайы 4 топ құрылды. Бұл мамандардың мақсаты — Шымкен қаласындағы 50-ге тарта мешіттерде жұма күндері намазға жиналған жамағатқа дәстүрлі дінді уағыздап, көкейлеріндегі сұрақтарға жауап беру. Сондай кездесудің бірі Самал-3 шағынауданындағы Ақмешітте өтті.
Алла жазса ағарту тобы Шымкеттің барлық мешіттердің барлығында болып, түсіндіру жұмыстарын 2014 жылдың қаңтар айында аяқтайды. Одан кейін үгіт-насихат жұмыстары облыстың өзге аудан-қалаларында жалғасын табады деп жоспарлануда.