Қасиетті Рамазан айы келді

800

18 маусымға қараған түні қасиетті Рамазан айы басталады. Осы күннен бастап барша мұсылман қауымы ауыз бекітіп, ораза ұстайды.

Осы орайда Қазақстанның дін басқармасы өкілдері биылғы пітір садақасының мөлшерін де белгілеп берді. Құлшылық айында жасалатын қайырымдылық екі келі бидайдың құнымен, яғни 200 теңге деп нақтыланып отыр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=0rDIzJPmUF8[/youtube]

Биыл мұсылман қауым 29 күн ауыз бекітеді. 18 маусымнан басталатын Ораза айы шіліңгір шілдеге дейін созылады. Аптап ыстықта 16 сағат бойы ауыз бекіткен мұсылман баласының мойнына жүктелген бір сынағы. Осынау сабыр айында парызын өтеуге мүмінге Алланың сансыз сауабы болады.

Жалпы, ислам дінінде қайырымдылыққа шек қойылмайды. Жағдайы келіскен, қоры бар мұсылман пітірді қалауынша, мүмкіндігіне қарап бере алады. Дін өкілдері бұл әлеуметтік теңсіздікке жол бермеудің бір амалы деп түсіндіреді.

Ауыз бекітіп, ораза ұстау кімге парыз? Денсаулығында кінараты бар немесе кәрілік жасқа келіп, ораза ұстауға шамалары келмеген жандарға ораза парыз емес. Екіқабат әйелдер мен бала емізген әйелдерге де парыз емес. Қарт адамдар оразаның орнына підия береді.

Олар оразаның қазасын да өтемейді. Жолаушыға келсек, ол 90 шақырымнан астам жерге жолаушылап шықса, жолаушы саналып, ораза ұстамауына рұқсат. Бірақ кейін ұстамаған күндерінің қазасын өтейді.