Шымкентте республикалық арт-фестиваль өтуде

496
ашылу салтанатында Талдыөорғаннан келген зияткерлік мектептің оқушылары керемет хор айтты

Шымкент қаласында Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушылары арасында өнердің 5 бағыты бойынша І желілік арт-фестиваль басталды. Арт-фестивальдің ашылу салтанаты қаламыздағы опера және балет театрында өтті.

 Бұл шараға Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова арнайы келді. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр қатысып, республиканың түкпір-түкпірінен келген зияткерлік мектептің оқушыларына табыс тіледі.

ашылу салтанатында Талдыөорғаннан келген зияткерлік мектептің оқушылары керемет хор айтты
Ашылу салтанатында Талдықорғаннан келген зияткерлік мектептің оқушылары керемет ән айтты

І желілік арт-фестиваль республиканың түрлі аймақтары және облыс орталықтарындағы 15 Назарбаев зияткерлік мектебінің 594 оқушысын және 103 мұғалімін біріктірді. Іс-шараның мақсаты — оқушыларыдың шығармашылық қабілеттерін дамыту арқылы олардың бойында құндылық бағдар қалыптастырып, тұлғаның Отансүйгіштік және әлеуметтік-адамгершілік қасиеттерін арттыру дейді ұйымдастырушылар.

Еліміздегі 15 зияткерлік мектеп ұжымының көрмесі
Еліміздегі 15 зияткерлік мектеп ұжымының көрмесі

Айта өтейік,  арт-фестивальдің өту барысы екі кезеңді қамтиды екен. Бірінші кезең өнердің 5 бағыты бойынша облыстық опера және балет театрында өткізілуде.  Олар: «Мюзикл жанрындағы қойылым», «Үздік әлеуметтік ролик», «Үздік көркем сурет және графика», «Үздік арт-фото» және «Үздік қолөнер» бағыттары.

«Мюзикл жанрындағы қойылым» — музыка, вокал, хореография, актерлік шеберлік негізінде оқушылардың шығармашылығын танытуға, «Үздік әлеуметтік ролик» «Қоғамға қызмет ету» бағдарламасы негізіндегі әлеуметтік маңызы жоғары идеяларды тарату, «Үздік көркем сурет және графика» бағыты «Зияткерлік мектеп оқушысына оқуға ұсынылатын 100 кітап» жобасындағы кітаптарды оқып, оны көркем сурет және кескіндеме арқылы суреттеуге бағытталған.

Бұл Шымкенттегі химия-биология бағытындағы зияткерлік мектептің оқушылары
Бұл — Шымкенттегі химия-биология бағытындағы зияткерлік мектептің оқушылары

Сонымен бірге «Үздік арт-фото» бағыты Зияткерлік мектеп өмірін, «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясын, «Ата-ана жұмысындағы 10 күн», «Ауылдағы 2 апта» әлеуметтік тәжірибелерін танытуға, «Үздік қолөнер» оқушылардың ағаштан, жүннен, киізден, теріден, сүйектен, қыштан жасаған жұмыстарын насихаттауға арналған.

Аарт-фестивальдің екінші кезеңі Шымкент қаласы физика-математика және химия-биология бағыттарындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінде ұйымдастырылады. Мұнда 15 мектептің үйірме жетекшілері шеберлік сыныптарын көрсетеді. Бұл шарада көркемөнерпаздардың үйірмелерінен бастап, қолөнершілердің шеберлік сыныптарын тамашалауға және вальс үйреніп, флеш-моб билеп, сергуге мүмкіндік қарастырылған.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=sh8NYtWAg_U[/youtube]

І желілік арт-фестивальге қатысушылар «Елбасы жолы» фильмін тамашалап, EXPO Party интеллектуалды жарыстарын, «Достарыма тосын сый» танысу кешін өткізеді. Бұған қоса Шымкент қаласындағы мұражайларды аралап, шығармашылық аялдамалар ұйымдастырылады. 

Ал арт-фестивальдің ең басты жаңалығы — Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне арналған зияткерлік мектеп оқушылары арасындағы «Зияткер балы» болып табылады. Аталған шара облыстық көрме орталығында өткізіледі деп жоспарлануда. Айта өтейік, Шымкентте алғаш рет ұйымдастырылған арт-фестиваль бес күнге жалғасады.