Сарапшылар мынадай мәліметті алға тартып отыр. Халқымыздың 60%-ы түрлі тіс ауруларына шалдыққан. Одан бөлек ересектердің — 72%-ы, балалардың 73%-ы тіс ауруларының ішіндегі тісжегі дертіне ұшыраған.
Елімізде, әсіресе, балалар мен жасөспірімдер тіс ауруына жиі шалдығады. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының арасында тісі ауыратындар көп. Бұл ауылда тіс дәрігерінің жоқтығын, бар болса да жетпейтіндігін көрсетіп отыр. Ресми мәліметтерге сенсек, еліміз бойынша 190 ауылда ғана тіс емханасы жұмыс істейді екен.
Әлі күнге дейін ауылдықтар сапалы стоматологияға қол жеткізе алмай отыр. Оның ең басты себебі – нарықтық қатынасқа көшкеннен кейін тіс дәрігерлерінің дені қалаға ауысып кетті де, ауылда кадрлар қалмады. Болған күннің өзінде олардың көбінің біліктілік қабілеті төмен. Кадрлармен қатар, стоматология жұмысына медициналық мекемелердің жоқтығы да кері әсер етті. Ауылдық емханалар әлі күнге дейін ескі техникалармен жұмыс істеп келеді. Одан бөлек дәрі-дәрмектер де дер кезінде жеткізілмейді. Осының кесірінен ауылда тіс арқылы туындайтын аурулар саны артып кетті.
Оңтүстік Қазақстан – стоматолог-мамандар жетіспейтін өңірдің бірі. Облысымызда мемлекеттік тапсырыс негізінде 4 мемлекеттік стоматологиялық емханалармен қатар, қалалық емханаларда – 19 стоматология кабинеті, аудандық емханаларда – 20 стоматологиялық кабинет жұмыс істейді. Осы мекемелерде 122 стоматолог-дәрігер, 29 тіс дәрігері қызмет етеді, бұл әрине жеткіліксіз, сол себепті кепілді тегін медициналық көмек көрсету құқығы берілген мемлекеттік емес стоматологиялық емханалар да тұрғындарға қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда облыс көлемінде балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге, әлеуметтік қорғаусыз топқа тегін медициналық көмек Үкіметтің қаулысына сай көрсетіледі.
Тісжегінің «мінездемесі»:
— Созылмалы індеттің көзі.
— Жүрек-қантамыр жүйесінің ауруларын асқындырады.
— Құлақ, мұрын, ас қорыту жүйелеріндегі дертті қозғайды.
— Эндокриндік жүйелер патологиясы ауруларының дамуына тікелей әсер етеді.
Ал жеке кабинеттер көрсететін қызметтердің құны бас айналдырады. Бір тісіңізді емдету 2,5 мың теңгеден емдеу дәрежесіне қарай көтеріле береді. Ең арзан қызмет — тіс жұлу. Оның өзінде бір тісіңізді жеке стоматологиялық кабинетте 2 мың теңгеге жұлып береді. Бағасына сапасы сай болуына кепілдік жоқ. Себебі, көптеген стоматологиялық кабинеттердің қызметі көңіл көншітпейді. Қарапайым мысал, тістегі қуысты бітеп қоюға арналған зат (пломба) көбіне дәрігер кепілдік берген межеге жетпей, мүжіліп қалады. Ал, жеке меншік стоматологиялық кабинеттердегі санитарлық жағдай тіпті нашар. Қазір технология үлкен жетістіктерге жетіп, жанға батырмай тіс емдеу мүмкіндіктеріне ие болдық. Дегенмен, 32 тісіңізді сеніп тапсыратын дәрігер іздегенде сақ болған жөн. Себебі, артық қыламын деп тыртық қылатын тіс дәрігерлерінің қызметі кейде қайғылы жағдайлармен де аяқталып жатады. Бұрнағы жылы еліміздегі жеке клиникалардағы стоматологтердің сапасыз қызметінің кесірінен төрт адам көз жұмғаны туралы ақпарат тіркелген. Тіс ауруын елемей қоюға да болмайды. Өйткені, тістің ауруға шалдығуының соңы басқа да көптеген қауіпті аурудың туындауына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Стоматологиялық аурулар адам денсаулығына айтарлықтай зиян келтіреді. Тіпті кейде ағзадағы басқа да аурулардың туындауына себепші болып жатады.
Мақпал РЫСБАЕВА
Болатбек КАЗЕНОВ, облыстық тіс емдеу емханасының бірінші санатты қоғамдық денсаулық маманы:
– Стоматологиялық аурулардың таяу арада беті қайтпайды. Ғалымдар осылай болжап отыр. Бүгінде ең көп таралған ауру — кариес (тісжегі). Кариестің таралу көрсеткіші ересектер арасында – 83%, балалар арасында 73%. Әсіресе, кариестің асқынған түрі жиі кездеседі. Екінші орында ауыз қуысының қызыл иегінің аурулары (пародонтит, гингивит) тұр. Тістің түбіне шөккен қақтар мен тастар да белгілі бір дәрежеде адам ағзасына зиян келтіреді. Балалар арасында ушыққан стоматит аурулары көп кездеседі. Сонымен қатар, жақ, бет аумағында туа біткен ақаулары бар балалар қатары көбейіп келеді. Облыс аумағында көптеген өндірістік мекемелер орналасқан, осы өндірістік мекемелердің қоршаған ортаға тигізген әсері нәтижесінде, тұрғындардың денсаулықтарына нұқсан келтіріп, соның ішінде ауыз қуысы ауруларының пайда болуына себепші болуда. Бұл жағдай облыс тұрғындарына мамандандырылған, кешенді стоматологиялық көмек көрсетуді жетілдіру қажеттігін байқатады.