Қазақстандықтар зейнетақы қорындағы қаржысын тіс емдетуге жұмсауда

212

 Статистикаға сүйенсек, емге деп алынған ақшаның басым бөлігі стоматологиялық клиникалардың шотына аударылған екен. Бұл ретте тек екі қызмет қана қолжетімді болады. Ол – тісті протездеу және имплантациялау. Алайда қызметтің бұл түрі қымбат болғандықтан емдік шаралары бәріне бірдей қолжетімді емес.

Шымкенттіктер стаматологтың бір қабылдауына орта есеппен 15 мың теңгеге жуық қаражат жұмсайды. Басым бөлігі кариесті емдетеді. Бірақ одан да қымбат қызмет түрлері бар. Қазіргі таңда сұлулық процедураларын халықтың қалтасы көтере бермейді. Мәселен, мегаполисте тіске брекет орнатудың құны 80 мыңнан екі миллион теңгеге дейінгі аралықта. Сондай-ақ соңғы жылдары Қазақстанда винирлер танымал бола бастады. Мұнда баға әрбір тіске жеке — жеке есептеледі. Шамамен, 80 мың теңгеден басталады екен. Бірақ, сіз тісіңізге протез немесе имплантация жасатқыңыз келсе, қалтаңызға әжептеуір салмақ түседі.

Отажан Абдураимов,  стоматолог-дәрігер:  «Штрауман компаниясының имплантациялық жүйесі шамамен орта есеппен 260-280 мың теңге, оған қоса коронасы 100,120 мың теңге көлемінде болады. Тісті протездеу – бұл тістің маңызды элементтерінің бірі. Бұл короно немесе протез алынбалы құрылым. Қала бойынша ең төменгі сома 20-24 мың, егер протез болатын болса одан жоғары 240-250 мың шамасында болады».

Енді осы екі процедураны зейнетақы қорындағы ақшаңызға жасата аласыз. Сондықтан қазақстандықтар бұл мүмкіндікті жіберіп алмауға және голливудтық күлкіге қол жеткізуге шешім қабылдаған. Бұл стоматологияда бұған дейін зейнетақы жинақтары есебінен импланттар қойылып, 15 пациентке протездеу жүргізіліпті.

Баға дәрігерге, дәрігердің имиджіне, клиниканың өзіне байланысты, баға әрдайым өзгереді және материалдар да өзгереді, цирконий коронасы имплантация жүйесіне орнатылады, ол біршама қымбатқа түседі.

Шымкент тұрғындарының сөзінше тіс емдетудің бағасы расымен де шарықтап тұр. Сондықтан кейбірі бағасы қалтаға қонымды өзге елдің тіс дәрігерлеріне жүгінеді екен.

«Керамикалық коронка жасаттым. Бұл клиниканың бағасы бұрынғыға қарағанда жақсы. Шамамен 170 мың тг. Бірақ, Қазақстандағы стаматологтардың жұмысы Ташкентке қарағанда қымбатырақ. Ол жақта бұдан арзандау», дейді қала тұрғыны.

22 миллиард теңге — бұл қазақстандықтардың зейнетақы қорынан емделуге жұмсаған қаржысы. Жарты жыл ішінде алынған бұл соманың 80% – дан астамы стоматологиялық клиникалардың шотына түскен екен.

Мөлдір Ибадуллаева