Оқырмандар сауалына тұрақты авторымыз, ОҚО «Тәуелсіз заңгерлер» ҚБ-нің төрағасы Дінмұхамед Қылышбаев жауап береді.
Сұрақ:
– Мен тұратын көпқабатты үйде көрші пәтерден бір аптадан астам түнімен әр түрлі қатты дыбыстар шығып, бүкіл үйге тыныштық бермейді. Оларға бірнеше рет ұрыстық та, ескерттік те, жай да түсіндірдік. Бірақ сөзге көнетін түрлері жоқ сияқты. Оларға қандай шара көруге болады?
Жауап:
– Түн ішінде мұндай қатты ды-быстарды шығару құқықбұзушылық болып есептелінеді. «Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 333 бабына сәйкес жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергі келтіретін, түнгі уақытта (сағат 23-тен 6-ға дейін) тыныштықты бұзу, оның ішінде тұрғын үй-жайларда және олардың сыртында шұғыл қажеттілікпен байланыссыз шу шығаратын жұмыстарды жүргізу – ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – 2, лауазымды адамдарға, дара кәсіпкерлерге, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларға – 10, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға – 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сондай-ақ, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл iшiнде қайталап жасалған осындай iс-әрекет – жеке тұлғаларға – 5, лауазымды адамдарға, дара кәсiпкерлерге, шағын немесе орта кәсiпкерлiк субъектiлерi немесе коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларға – 20, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға – 80 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
«Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 543-бабы бойынша 333-бабында көзделген әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы iстердi ішкі істер органдары қарайды.
Яғни, құқықбұзушыларға шара көру үшін сіздер тәртіп сақшыларына жүгінуіңіз қажет.
Сұрақ:
– Ата-анасы ажырасқанда мүліктің бөлігіне балалардың үлес құқығы болады ма? Сот ерлі-зайыптылардың мүлкін бөлген кезде балаларға да мүліктің бір бөлігін алып бере ала ма?
Жауап:
– «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 38-бабына сәйкес ерлі-зайыптылардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу және осы мүлiктегi үлестерiн айқындау кезiнде ерлi-зайыптылардың әрқайсысының үлесi тең деп танылады. Яғни, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлген кезде балалардың мүлікке үлестері болмайды, ортақ мүлік тек ерлі-зайыптыларға ғана тиесілі.
Сонымен қатар, егер жұбайлардың бiреуi дәлелсiз себептермен табыс таппаса немесе ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн екінші жұбайдың келісімінсіз отбасының мүдделерiне нұқсан келтiрiп жұмсаса, сот кәмелетке толмаған балалардың мүдделерiн негiзге ала отырып және (немесе) ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң мүдделерiн негiзге ала отырып, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi олардың үлестерiнiң теңдiгi негiзiн ескермеуге құқылы.