Халқының саны бес мың адамнан асатын Қақпақ ауылдық округінде қазір 3 мектеп болса, «Балапан» бағдарламасы бойынша ашылған 1 балабақша, 2 мектепке дейінгі шағын орталықта бүлдіршіндер тәрбиеленуде. Сонымен қатар, былтыр Сырлысай елдімекенінде 30 миллион 495 мың теңгеге медициналық пункт салынып, ел игілігіне берілген. Ал құрылысы 68 миллион теңгелік Қақпақ ауылындағы емхана биыл бітеді деп күтілуде.
Мұнда «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы өткен жылы жүз пайызға орындалған. Тұрғындар негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатындықтан, пайдалануға жарамды 4682 гектар жер толығымен игеріліпті. Соңғы кездері мұнда бой түзеген өндіріс орындары да жоқ емес.
Ержан Шорабаев, Қақпақ ауылдық округінің әкімі: «Мал бордақылауды іске асыру мақсатында ауыл көлемінде «Қарқын-2030» ЖШС-інде бүгінгі таңда 250 бас ірі қара мал бордақылануда. 10 түрлі шұжық өнімдерін шығарумен қатар полиэтилен цех ашылып, 7 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Мал азығын дайындау үшін «Қарқын-2030″ ЖШС 154 гектар суармалы жер алып, оған ақтүйнек, пияз, құлпынай, жоңышқа, жүгері егіп, халыққа өз қызметін көрсетуде.»
Былтыр Қақпақтағы 3 шаруа қожалығы»Сыбаға» бағдарламасы бойынша 30 миллион теңге 250-ден аса ірі қара, оншақты асыл тұқымды бұқа сатып алған. Ал Сырлысай ауылына ауызсу жүйесін тарту үшін 115 миллион 687 мың теңге жұмсалыпты. Дегенмен Сырлысайдағы мәселелер мұнымен бітпейді.
Нәлібай Абдуалиев, Сырлысай ауылының тұрғыны, ҰОС ардагері: «Трансформатордың осы уақытқа дейін қожайыны жоқ. Бұл жерде Қақпақ ауылының, аудан әкімінің, кейбір қызметкерлердің хабары бар. Мына Ержанның хабары бар. Сарыағашқа бардық, Қазығұртқа бардық — еш жерден осы трансформатордың иесін таба алмадық. Кейбір күндері электр жарығы жанбай да қалады. Ал жазатайым өртеніп кетсе, Сырлысайдың халқы қараңғыда қалады.»
Сырлысайға төгілген шағал тастың да сапасына тұрғындардың көңілі толмайды. Айта берсең, атқарылар іс көп. Жиында жергілікті мәслихат депутаты Әбдіманап Мамытбаев Қақпаққа шекаралық аймақ деген ресми статус беру қажеттігін айтты.
Әбдіманап Мамытбаев, Қазығұрт аудандық мәслихатының депутаты: «Бұл жерде көптеген мәселе жаңағы ауданнан жетпейтін бюджет қаржысын республикадан тартуға мүмкіндік болар еді. Бұл да бір жеңілдік болар еді. Ауданға, әрі елге!»
Есепке жиылған тұрғындар атқарылған істер кемшіліксіз болмайтынын айтады. Жиында көтерілген өзге де мәселелерді билікпен бірлесе шешетуді ұйғарып, ауыл әкімінің жұмысына қанағаттандырарлық деген баға берді.