71 бала — 71 тағдыр

Залда 71 бала отыр. Кілең жәудір көздер.  Қызы бар, ұлы бар, қазағы бар, өзгесі бар — тым жұқалтың киініп алыпты. Олардың бұл түрін көріп, залға тонмен кіріп келгенімізге ұялдық.

Қасымдағы әріптесім Зәуре Оралбаева «Ұялып барамын, сырт киімді шешейік» деді.  Шешіндік. Арқаны аяз қарып өтті. Кіп-кішкентай қыз келіп, «Апай, жүріңізші, менің сізбен билегім кеп жатыр…» деді. Зәуре екеуміз биге шықтық. Зәуремен билеп жүрген қызды ымдап, бір кезде есік жақтан өзгелер шақыра бастады.

Ана қыз байқаймын, барғысы жоқ. Басын шайқап қояды. Зәуремен ынты-шынтысымен билеп жүр. «Саған айтып тұрмыз, мамаң келді деймін» деді бір кезде ту сыртынан жасы ересектеу бір қыз келіп, құйтағандай биші қызды желкесінен түртіп. «Қойшы, бармаймын!» Анасы келіп тұр. Сағынышын арқалап жеткен болар… Ал мұның барғысы жоқ. Таң қалдым. Бұл қалай болғаны, соншалықты мейірімсіз бе мына қыз?! Ой жүйрік. Бірақ, кесімді пікір айтып үлгермедім — арақтың исі мүңк ете қалды. Құйтағандай биші қыздың ту сыртында әбіржіген әйел тұр. «Мен келдім..» деп ишара білдірді. Ал қызы оның бетіне бір қарады да билей берді.

«Мен мықтымын! Қатыгездеумін. Суықпын!» деп, өз-өзіме қанша сендірсем де 71 жәудір көзді көріп, жанарым жасаурап кетті. Ыстық тамшыны жасырғандағы түрім тек аспанға шалқайып қарай беру болды. Билеп жүрміз. Бір кезде екіншісі, үшіншісі.. осылайша әріптесім Зәуре Оралбаева екеуміз 71 баланың ортасында биледік те кеттік. Жылындық. Жүрекке жылу барды.

Біз сияқтылар көп екен. Мейірімді азаматтар келіп, өз сыйлықтарын табыс етіп жатыр. Залдағы 71 баланың барлығы дерлік кезекпен сыйлық алуда. Бекзат деген бала қасымызға үлкен қорапты сүйрелеп келіп жайғасты. «Апай, қараңызшы, маған қандай әдемі киім әкелгенін… Менің өмірімде мұндай Жаңа жыл болмаған» дейді. Жасы 12-де екен. Әне, Жәнібек деген бала да көңілді түсті сахнадан. «Маған домбыра әкеп берді. Көптен бері аңсап жүр едім. Домбыра үйірмесіне барамын. Өзімдікі болмаған соң, өзге балдардікін сұрап алатынмын» дейді қуанышымен бөлісіп. Зәуре «Қызыңды таптың ба? Мен біздің баланы таптым» дейді мейірлене.

«Рабат» газетінің бас редакторы Фарида Шарафутдинова да «өз қызын» тапқанын айтты. Ал мен арнайы іздеп келген қызды әлі жүрмін зал ішінен алақ-жұлақ іздеп. Көзім бір орнында тоқтар емес. «Ол қайда? Неге көрінбейді?» Калтамдағы оның суретіне қайтадан бір қарап қоямын. «Барлық бала осында ма?» Тәрбиеші басын изеді. Бірақ ол жоқ.

«Апай, сізбен «Қызыл өрікке» билегім кеп жатыр…» Билеп жүрміз. «Кімді іздеп жатырсыз?» Ұятын-ай. Қаршадай қыз менімен билеп жүріп, басқаны іздеп жатқанымды, өзіне көңіл бөлмей жатқанымды сезіп қойды. «Мына қызды іздеп келіп едім…» Суретінің ұшын ғана шығарғаным сол, Айнұр (есімі қазақша болғанымен, түрі орыс. Тегі де орысша екен. Неге олай деп сұрамадым. Маған Айнұр деген есімі ұнаған соң арғы жағын қазбаламадым): «А-а-а-а, бұл менің досым Дина ғой» деді.

Деді де қолымнан ұстаған күйі залдың қаракөлеңкелеу бұрышына сүйрей жөнелді. «Тоқтай тұршы, мен сыйлығымды алып алайын…» «Жоқ оны кейін бересіз ғой, ортаға шығарып, атын атап шақырып, табыс етіңіз…» Қаршадай Айнұр маған жөн-жосықты үйретіп жатыр. «Қой,  ұят болар…» «Ой апай, барлығы солай етеді ғой. Солай еткен дұрыс. Дина да ортаға шығып, мақтанып қалсында…» Залдың қаракөлеңке тұсынай сүйретілген күйі жеттім. Томаға-тұйық (тым тұйық) қара торы қыздың кірпіктері жиі қағылып жатты. Айнұрдың жүзі бал-бұл жанып тұр. «Мына апай саған келіпті. Сені іздеп жүр екен…»

Дина үндемейді. «Жүр, ортаға шығып би билейік» дедім. Дина басын шайқады. «Біреу ренжітті ме, неге көңілсізсің?» деп сұрағым келген. Барлығын орыс қызы Айнұр реттеді. «Апай, жүріңіз билей берейік.» Қайта сүйрелеп, ортаға алып барды. Билеп жүрміз.

Мойнымды созып, Дина жаққа қараймын. «Оған ренжімеңіз. Ол өзі сондай. Ұялшақ. Ешкіммен достаспайды. Менімен ғана сөйлеседі. Ол негізі жақсы қыз. Бірақ бала сияқты. Жүрісі де жігіттерге ұқсап жүреді…» Айнұр бірталай ақпарат беріп тастады. Дина арман еткен, «Жаңа жылда маған осындай заттар керек еді, өтініш, тарту етіңізші соны…» деп жазған хатындағы бар тілегін орындауға тырыстық.

«Шашыма әдемі заколка таққым келеді…» депті. Бұған дейін бізге бейтаныс болған Динадан келген хатты оқи салысымен-ақ «Оңтүстік Рабат» газетінің редакциясындағы қыз-жігіттер оның бар өтінішін орындауға тырыстық. «Отырар» телеарнасы мен «Рабат» газетіндегі әріптестеріміз де солай етті. Олар да өз «ұл-қыздарына» арнайы сыйлықтың жайын қамдады.

Негізі, «Ладушкидің усадьбасына» қойылған шыршаға балалар үйінің тәрбиеленушілерінің суреттері ілінді. Әр суреттің артында жаңа жылда балалардың қандай сыйлық алғысы келетіндігі жөнінде тілегі, өтініші бар. Бізге бұл өтінішлерді медиахолдингтің басшысы Валентина Куликова алып келді. «Қалай тілегін орындаймыз ба, балалардың?» «Әрине!» дедік.

Содан Төлеби ауданы «Бірінші Мамыр» ауылындағы балалар үйіне жол тарттық.  Сонда жүрміз. 71 жәудір көз. 71 түрлі тағдыр. Ал біз іздеп келген Динаның жүзіне қуаныш үйрілер емес. Айналасындағылардың барлығы шат-шадыман. Тек сол ғана  томаға-тұйық қалпында. Күлмейді. Қуанбайды. Неге? «Ол қыз бір адамның басына бергісіз, бұл өмірде қанша қиындық болса, соның барлығын көріп үлгерді. Сондықтан жүзі жылымайды. Тұйық. Ешкіммен араласпайды» дейді тәрбиешісі.

Хатпен бірге жолдаған суретін қайтарып беруін өтінгендей қоштасарда қолын созды. «Дина, егер ренжімесең бұл сурет бізде болсыншы. Естелікке берші. Саған мерекеде келіп тұрайық» дедім. Тамағым ашып кетті. «Жоқ, бермеймін, қайтарыңыз» десе не деймін. Жоқ, Дина олай демеді. Шығарып салмады. «Бізге көп адам келе бермейді. Облыс орталығынан алыста орналасқандықтан ба, біздің балаларды іздеушілер аз. Шымкентке жақын балалар үйлеріне барып жатқандарын естіп, теледидардан көріп отырып балаларымыз «Ағай, бізге неге келмейді ағай-апайлар?» деп айтатыны да бар» дейді мемкеменің директоры Сағидулла Тілеубердиев.

Сол — сол екен, бір кішкентай қыз жүгіріп келе қалды қасымызға. «Апай, сіз Динаның суретін естелікке алдыңыз ғой. Мынау менің суретім. Менің де суретімді алыңызшы естелікке…» дейді ботадай көздері жәудіреп. Директор ағайына бір қарады да асығып кері жүгіріп кетіп қалды. «Ойбүй, атын сұрап үлгермедім ғой» дедім де суретке үңілдім. Төменгі жағына маржандай етіп «Күлімхан» деп жазып қойыпты. Аты Күлімхан екен. «Енді Динаны ғана емес, Күлімханды да іздеп келетін болдық». Жүректің еттен жаратылғаны рас екен. Езіліп барады. Сыр білдірмеуге тырыстық.

Балалар үйінің қақпасынан шығып бара жатып артыма бұрылдым. Дина қарап тұр. Қолымды көтеріп бұлғағым келгені сол, тесіле қарады да, ішке қарай жүгіріп кетті. Ол да қолын бұлғағысы келді. Рас айтам, ол бізбен жылы қоштасқысы келді. Тек мына өмірден көрген көп теперіші мен қиындығына баршамызды жазғырып жүр. Жазықты болмайықшы, адамдар!

Біз болған бір ғана балалар үйінде 71 тағдыр, 71 бүлдіршін, осыншама жәудір көз жүр. Ал елімізде қаншама жетімдер үйі бар?! Оларда қаншама Динаның тағдыры сияқты тағдыр бар?  Осыны да бір сәт еске алып отырсақ қой…