Шымкенттің кейбір тұрғындары қара суға жарымай отыр. Қаладағы Алдияров көшесіндегі 12 «а» үйдің тұрғындары екі айдан бері ауызсусыз қалған. «Су арнасы — Маркетинг» ЖШС-і басшыларының мәлімдеуінше, бұл аймақтағы тозығы жеткен су жүйелері алмастырылуда. Қараша айында бастауын алған құрылыс жұмыстары осы аптаның соңына дейін бітеді деп жоспарлануда. Көпқабатты үйдің тұрғындары өткен жылдың қараша айынан бері әбіржулі. Су ескертусіз жиі өшіріледі екен. Екі ай бойы көршілерінен су тасыған олардың қиындықтан түбегейлі арылатынына сенімі де қалмаған.
Гүлжамал Бекболатова, тұрғын: » 16 жастағы балам — мүгедек. Оны жуындыру керек. Әбден шаршадым. Ескертпейді ме?»
Әлекке түскен тұрғындар «Су арнасы» мекемесінің диспетчерлік қызметіне үздіксіз хабарласқанымен, мардымды жауап ала алмайтынына налиды. Осы уақытқа дейін нәтиже шықпаған.
Ерлан Икеев, тұрғын: «Диспетчерлік қызметтегілер «ауданда авария орын алған» деп, тұтқаны қойып қояды. Ақаудың қай жерде орын алғаны және оны жою мерзімін де түсіндірмейді. Хабарландыру іліп қойса, қажетті суды толтырып қоятын едік қой?!»
Ерланның айтуынша, бұл үйде тұратындардың көбісі — мүмкіндігі шектеулі жандар. Ал шешімін таппай келе жатқан проблеманы тілшілерден білген «Су арнасы — Маркетинг» мекемесінің жауапты басшылары мәселені бірден қадағалауына алатынын алға тартты. Енді мұнда қиындықтар туындамайды деп сендіреді олар.
Құттыбай Асырауов, «Су арнасы — Маркетинг»ЖШС бас директорының орынбасары: «Иә, сол ауданда 22 шақырым құбырдың бойында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Ескірген жүйе жаңалануда, екі күнде бітеді. Ал мердігер компания мамандарының тұрғындарды ескертпегені бойынша шара көреміз. Бұл мәселе біздің қадағалауымызда болады.»
Қазіргі таңда көпқабатты үйде тозығы жеткен жүйе алмастырылып, су есептегіш құралдары пәтерден сыртқа шығарылатын болады. Бұл бастаманың қиындығынан пайдасы көбірек боларына сенім білдірген тұрғындардың тілегі бір. Қандай да бір ақаулар орын алып, су өшірілетін болса, алдын ала ескертілсе екен дейді.