Газбен қамту мәселесіне қатысты Түркістан әкімдігінің ресми жауабы

764
Көгілдір отын емес, шелек көмір үйге жылу сыйлауда

Бұған дейін Otyrar.kz сайтында Түркістан қаласының газбен қамтылу мәселесіне қатысты мақала жариялаған болатынбыз. Осы мәселеге қатысты Түркістан қаласының әкімдігі тарапынан ресми жауап келді.

Түркістан қаласын газбен қамту жоспарға сай жүргізіледі

Соңғы уақытта Түркістан қаласына тартылған газ құбыры туралы тұрғындар арасында түсініспеушіліктер туындап отыр. Осыған орай Түркістан қаласы әкімінің аппараты тұрғындар назарына төмендегіні жеткізеді.

«Бейнеу-Бозай-Шымкент» магистральді газ құбырының 1258 шақырымында автоматтандырылған газ тарату стансасы мен Түркістан қаласына 22 шақырымнан астам жоғарғы қысымды газ құбыры және екі газ реттеуші бекеттің құрылыстары жүргізіліп, телекөпір арқылы 20 желтоқсанда қалаға дейінгі магистральді жүйе тапсырылды.

Аталған жобаларда тұтынушыларға дейін газ тарату қаралмаған. Алайда, «ҚазТрансГаз» АҚ-ы өз демеушілігі негізінде бес жеке тұрғын үйге ішкі тарату жүйесін жүргізген. Алдағы уақытта бұл тұрғындар табиғи газды тұтыну үшін «ҚазТрансГаз» АҚ-мен келісімшартқа отырып, көгілдір отынды пайдалана алады.

Биыл Түркістан қаласының ішкі газ тарату жүйелерінің құрылысы басталады. Аталған жобаның жалпы құны орташа есеппен 10 млрд. теңгені құрайды. Оның бірінші кезеңінің құрылысын жүргізу үшін 2013 жылы жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлініп, жобалау сметалық құжаттары дайындалды. Құрылыс жұмыстарының құны 1 млрд. 200 млн. теңгені құрайды. Бұл қаржыға бірінші кезең бойынша қаладағы «Сауран» және «Бекзат» шағынаудандары газбен қамтылады.

Алғашқы құрылыс жұмыстарының ішінде 7212 абонент (4076 үй, 3136 пәтер), 5 мектеп, 4 балабақша, 4 денсаулық сақтау мекемесі, 2 колледж, 5 мейрамхана, 6 өндіріс орны, орталық жылу қазандығы табиғи газбен қамтылатын болады. Сонымен қатар, қала мен оның аймақтарына газ жүйесін тарту жоспарға сай жүзеге асады.

Түркістан қаласы әкімі аппаратының баспасөз қызметі

Хаттың скрин-шоты
Хаттың скрин-шоты

P.S. Otyrar.kz сайтының электронды поштасына жіберілген жауап-хаттағы мәтіннің мазмұны мен орфоргафиялық ерекшелігі  өзгертілген жоқ