Бұл жолғы жарысқа жиналған палуандардың көңіл-күйлері жоқ. Өйткені, турнир басталғалы жатқанда қайғылы жаңалық келіп жетті. 57 жасында шымкенттік бапкер Юрий Денисенко қайтыс болды. Жаттықтырушы талай жылдар бойы облыстық жекпе-жек спорт түрлері мектебінде шәкірт тәрбиелеп, оның палуандары халықаралық жарыстарда жеңіске жетіп жүрген болатын. Жарыс болатын күні де Юрий Николаевич палуанын турнирге алып келген болатын. Алайда, спорт залына жақын жердегі диспансерге денсаулығын тексертуге алып барған бапкер дәрігерлердің көзінше есінен танып құлап, көз жұмды.
Юрий Денисенко — грек-рим күресінен Кеңес одағының спорт шебері, студенттер арасында Кеңес одағының чемпионатында күмістен алқа таққан. Сондай-ақ, ұлттық дәрежедегі төреші атағына да ие.
Жарыс бір минуттық үнсіздікпен басталды. Боз кілемнің үстінде сайрамдық қос палуан сынға түсті. 55 келідегі палуандар арасында Еламан Теңлесбаев жеңімпаз атанды.
Бұл жолғы облыс біріншілігіне 165 палуан жиналған. Бүгінде грек-рим күресі Оңтүстікте жақсы дамыған. Әсіресе, сайрамдық спортшылар көзге түсіп жүр. Ал бір күндік мына турнирде облыстық жекпе-жек спорт түрлері мектебінің шәкірттері топты жарды. Енді бұл жастар ақпан айының соңында Шымкентте өтетін ел чемпионатында сынға түсетін болады.