Түркістандық құсбегілер ел чемпионатында 1-орынды иеленді

16

Атырау облысында құсбегіліктен ересектер арасындағы XVI ел чемпионаты өтті. Екі күндік бағдарламаға сәйкес, құсбегілер ителгілерімен бірге «Қолға шақыру», «Далбайға салу», «Қоянға салу» сайыстарынан бақтарын сынады. Сайыстың қорытындысы бойынша Түркістан облысының саңлақтары Ибрагим Базарбаев «Ителгі-Қарагөз» атты құсымен және Бағдат Кеуенов «Ителгі-Тұмар» құсымен өнер көрсетіп, қола жүлдеге қол жеткізді.

Чемпионаттың 2-күнінде қаршыға құстарының бәсекесі өтті. Үш түрлі бағдарламада өткен жарыста «Қолға шақыру», «Кептерге салу», «Қоянға салу» бойынша мықтылар анықталды. Бұл сында Түркістан облысынан келген Дәурен Аршабай «Тұйғын» атты құсымен жеңімпаз атанса, тағы бір түркістандық Бағдат Кеуенов «Тарлан» атты құсымен екінші орынды қанжығасына байлады.
Тартысты додада командалық есепте Түркістан облысы бірінші орынды жеңіп алса, екінші орынды Астана қаласы иеленді. Ал, Ақмола облысының құрамасы үшінші орынды қанағат етті.
Ұлттық спортымыздың құндылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған құсбегілік спорт түрі соңғы кезде елімізде қанатын кеңге жайып келеді. Бүгінде бұл спорт түріне қызығушылық танытқан жастардың қарасы да артқан.
Дүбірлі додада өңір намысын қорғаған Болат Қонаев жетекшілік ететін Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің шәкірттері екенін айта кеткен жөн.