Көп әйел алғыңыз келе ме?

Бүгінде қазақ қоғамында көп әйел алу мәселесі қызу талқылануда

Бүгінде қазақ қоғамында көп әйел алу мәселесі қызу талқылануда. Тіпті, мұны заңдастыру керек деген халық қалаулылары Неке туралы заңға өзгерту енгізбекке ұмтылған. Депутаттар ұсынған заң жобасы бойынша көп әйел алғысы келген кісінің айлығы есептеліп, ол дүние-мүлкін ашық көрсетіп, әрбір әйелді бір-бір баспанамен қамтамасыз етіп, жалақысын қылдай үлестіріп отыруы керек. Бірақ азаматтардың көбісі пәтер сатып әпере алатындай ауқатты еместігі және заң жобасының басқа да шикіліктері бары анықталып, Парламенттің төменгі палатасының басым бөлігі қолдағанымен, Сенат мақұлдамай тастаған. Осылайша, көп әйел алғысы келетіндердің құқығы заңдастырылмай қалды. 

Бүгінде қазақ қоғамында көп әйел алу мәселесі қызу талқылануда
Бүгінде қазақ қоғамында көп әйел алу мәселесі қызу талқылануда

Десек те, заң рұқсат бермеді екен деп кейбір ер азаматтар бір әйелмен шектеліп жатқан жоқ. Шамасы мен жағдайы жеткендер төсек жаңғыртып, асыл дініміздің шариғатына сүйеніп, бірінші әйелі рұқсат берсе де бермесе де екінші, тіпті үшінші әйелге үйленуде. Шамасы мен жағдайы дегеннен шығады, көп әйел алғандардың көбісі ауқаттылар. Олардың арасында депутат та, саясаткер де, қоғам қайраткері дейсіз бе, өнер адамы, тіпті жазушылар да бар. Соның ішінде сіз бен бізге ерекше таныстары қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан, ақын Әбілдә Аймақ, тіпті «Аттан» қозғалысының лидері Амантай қажы да бар. «Пәленшенің екі әйелі бар, Түгеншенің үш әйелі» бар деген әңгімеге «кейіпкер» болатындар көп-ақ. Біз ашық айтып, екі әйелі барын жасырмай жүргендерін ғана тілге тиек еттік. Барлығы да қай мінберде болсын көп әйел алушылықты заңдастыру керек деген сөз айтады. Пайғамбарымыз Мұхаммедтен келе жатқан ислами дәстүрді қайта жаңғыртқанның әбестігі жоқ деп жүр. «Қайта оң босағада отырып қалған қыздардың азаюына, елде қазақ деген ұлттың көбеюіне үлкен септігі тиеді» дейді. Бірақ бұл пікірге әсіресе, Оңтүстіктің әйелдері қарсы екен. 

Былтырғы жылы «Еуразия» қоры мен Финляндияның Сыртқы істер министрлігі Оңтүстік Қазақстан облысының төрт ауданында сауалнама жүргізіп, осындай қорытынды шығарыпты. Мұндағы 80 пайызға жуық әйел азамат көп әйел алу бастамасына қарсы шығып, 1,3 пайызы ғана қолдаған. Сауалнамаға Сайрам, Мақтарал, Түркістан және Сарыағаш аудандарынан 300 әйел қатысқанын айта кетейік. Сауалнамаға қатысқандардың 16,7%-ы депутаттардың көп әйел алуды заңдастыру керек деген бастамасынан мүлде хабарсыз болып шықса, 2,7 пайызы сұраққа жауап беруден бас тартқан көрінеді. «Бұл бастамаға қаржыдан қысылған азаматшалар (69,6%) ғана рұқсат береді екен. Көп әйел алудың бір жаман жері – еркектің әйелі мен балаларына дұрыс көңіл бөлмеуі (37%), ерлі-зайыптылар ажырасып кетіп жатса, әйел азамат қамқоршысынан айырылады (67,1%) және соңғысы тоқалдан туған баланың құқығының төмен болуы (45%)», — депті сауалнамаға қатысқандар. Ал кейбір әйелдердің айтуынша, көп әйел алудың ешбір зияны жоқ. Шынын айту керек, қазақ қоғамында көп әйел алу дәстүрі қалыптаспаған. Ауылды жерлерде тұратындар көп әйел алуды былай қойғанда, бір ғана шаңырағын асырай алмай отыр. Осы тұрғыдан алғанда, екінші әйелді не жөнімен, қай ақшасына алмақшы. Депутат мырзалар бұл мәселені қозғаған уақытта, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайын ескермеген болса керек, дейді тәуелсіз сарапшылар.

Осы орайда елге белгілі азаматтардың көп әйел алушылық туралы ойын да біле отырыңыз. Мәселен, сатирик Көпен Әмірбек былай дейді: «1998 жылы екі әйел алу туралы заң қабылдау туралы тұңғыш рет Парламентте мәселе көтерілді. Сонда заңды қабылдауға екі дауыс жетпей қалған болатын. Сондағы жетпей қалған екі дауыс – сол жерде отырған шала қазақтардың немесе ұлтын сүймейтіндердің дауысы еді. Қазір шариғат жолымен екінші, тіпті үшінші әйелмен некелескендер қазақ қоғамында күннен-күнге көбейіп келеді. Сондықтан да, уақыт өте арнайы заң қабылданатыны ақиқат». 

Экс-депутат, бір кездері көп әйел алу туралы заңның қабылдануына қарсы шыққандардың бірі – Бақыт Сыздықова «Айқын» газетіне берген бір сұхбатында: «Мен көп әйел алуды қолдаймын. Егер сол туралы заң қабылдасақ, онда көп күйеуге шығу туралы мәселе қозғауға тура келеді. Өйткені Ата заңымыздың 14-бабында «жынысына, жасына қарамай барлық адам тең құқылы деп жазылған» дегенімді көп адам түсінбей қалған сияқты» депті. Ол осы сұхбатында көп әйел алудың іс жүзінде орындалып жатқандығын айта отырып: «Менің екі әйелі бар ауқатты достарым бар. Олар әйелдеріне жеке-жеке үй алып, жағдайын жасап берген. Мен бұған дұрыс қараймын, себебі әрбір нәзік жанды бақытты болуға лайықты» деген пікір білдіріпті. 

Таяуда аталмыш тақырыпты әлеуметтік желі арқылы ауылшаруашылығы министрінің экс орынбасары Марат Толыбаев та көтерді. Даулы мәселеге қатысты оз ойын білдірген Марат мырза бірнеше әйелмен заңды түрде некеге тұруды қолдайтынын, сондай-ақ бұны заңдастыру қажет екенін жазған. Сонымен қатар, ер мен әйелдің теңдігін сақтау үшін әйелдерге де бірнеше күйеуге шығуға рұқсат беру керек деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Оның ойынша, көп әйел алуды заңдастыру мемлекетті артқа сүйремейді, керісінше алға жылжытып, адамдарға көбірек еркіндік береді екен. 

Нақ қазіргі уақытта  заңның қабылдануын күтпей-ақ, шариғат заңдылықтарын пайдаланып, бірнеше әйелді болып жатқандар аз емес. Ал, заңның қабылдануына қарсы тарап болса бұл мәселені өздерінің тоқалдарының жағдайын ойлаған депутаттар ғана көтере береді деп ашулы.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

P.S. Қазақстандай зайырлы қоғамда діни нормалар ресми заңға ерекше ықпал ете алмасы белгілі. Әйткенмен, мәселе парламент қабырғасында көтеріліп, халық қалаулыларының назарын аударып жатса, көп әйел алушылыққа қатардағы бір мәселе ретінде қарауға болмайды. Бұл тұрғыда халық арасында сауалнама жүргізіп, тиянақты зерттеулер жасалғаны абзал. Елдің бұған қатысты ұстанымын, мүмкіндігін саралап алмайынша, шикілі-пісілі заңды елге бере салғанның арты қалай болары белгісіз.