Жылдың басынан көлік салығын төлеу бойынша өзгерістер орын алды. Негізгі толықтырулар салық кодексінің 365, 367-баптарына тиесілі. Онда уәкілетті органдарда тіркелген көліктердің қозғалтқышының көлемі 3 000 текше сантиметрден артық жеңіл автокөліктер бойынша жеңілдіктер алынып тасталды.
Әбдісалан Сағымбек, облыстық салық департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы: «Қозғалтқышының көлемі 3000-нан 3200-ге дейінгі көліктерге — 35 АЕК, яғни, төленетін салық мөлшері 64 820 теңге. 3200-3500 -46 АЕК немесе 85192 теңге, 3500-4000 — 66 айлық-есептік көрсеткіш, яғни — 122 232 теңге. 4000- 5 000 т.см. — 130 АЕК, ал 5000-нан жоғарғы — 200 АЕК, төленетін салық мөлшері — 370 400 теңге.»
Мүлік салығы бойынша Астана мен Алматы қалалары бойынша тұрғын жайдың, саяжай құрылысының бір шаршы метрінің базалық құны 30 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін өсіп, 2 есеге ұлғайды. Өзге облыс орталықтары бойынша ол көрсеткіш 18 мың теңгеден 36 мың теңгегеге дейін екі есеге өсті.
Әбдісалан Сағымбек, облыстық салық департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы: «Салық кодексінің 387-бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес түрлі нысандар салуға арналған, тұрғын үй салуға арналған жер учаскелерін қоса алғанда және пайдаланылмайтын жер учаскелеріне он есе ұлғайтылған ставкамен салық салытаныды.»
Салық органдарына осындай жер учаскелері бойынша мәліметтерді жер ресурстарын басқару саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган ұсынады. Бір айта кетерлігі — жер салығының базалық ставкаларын он есеге ұлғайту бойынша салық міндеттемесі осы норманың қолданысқа енгізілгеннен кейін екі жылдық мерзім өткен соң, яғни 2016 жылдың қаңтарынан бастап қолданысқа енеді.