«Өмірім менің – армия»

Қайрат Қалдыбеков

Қайрат Қалдыбековтың Шымкенттегі 6506 әскери бөлімінде қызмет етіп жүргеніне биыл 12 жыл. Оның айтуынша, әскери қызметкер болуды бала кезінен армандаған. Алайда, өмірдің бұралаң жолдары, оны басқа арнаға түсіреді. Десе де, ол өзінің діттеген мақсатына жетуге белін бекем буады.

Қайрат Қалдыбеков

Қайрат 1973 жылы Шымкент қаласы, Төрткүл ауылында туған. Мектепті тәмамдаған бозбала 1991 жылы Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге аттанады. 1992 жылы өзі қатарлы сарбаздар елге қайтуға қамданған кезде, Қайрат өз еркімен тағы 1 жылға әскерде қалып қояды. 1993 жылы әскерден оралған жас сарбаз Жамбыл қаласындағы культпросвет училищесінің «сызу, сурет, еңбек» факультетіне оқуға түседі. Отбасылық жағдайға байланысты, 1994 жылы Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы көркемсурет колледжіне ауысыпты. 1997 жылы колледжді «суретші-дизайнер» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын қаладағы жекеменшік мекеменің бірінде бастайды. Араға бір жыл салысымен Шымқаладағы «Қаз Транс Газ Аймақ» АҚ-на суретші болып ауысады. Алайда, Қайраттың әскерге деген қызығушылығы басылған емес. «Сурет салуды жақсы көремін. Дегенмен, басты арманым – әскерде қызмет ету еді. Оқалы киім киген сарбаздарды көргенде көңілім құлазып, арманыннан алыс-тап бара жатқандай қабырғама бататын», – дейді кейіпкеріміз ағынан жарылып.

Әскерлік сапты түземесе де, әскерилердің жанына жақын болу үшін 2002 жылы Қайрат 6506 әскери бөліміне суретші болып жұмысқа орналасуға бел байлайды. Өнерлі жігіттің өнерін сол кездегі басшылық жоғары бағалап, оны бірден жұмысқа қабылдайды. Басында қарапайым суретші болып жұмысқа орналасқан ол, араға біраз жыл салып автомобильдегі жедел мақсаттағы батальонының әскери жасақ басшысы қызметіне дейін көтеріледі. Қайраттың төккен тері мен еңбегінің жемісі болса керек, ол бірнеше рет ҚР ІІМ Ішкі әскерінің Алғыс хаттарымен марапатталады. Десек те кейіпкеріміз бағалы сыйлықтар мен марапат қағаздарынан ҚР ІІМ Ұлттық гвардиясында қызмет еткенін мақтаныш тұтады.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ