Биыл Түркістан облысында 14 адам суға кеткен

1
фото stan.kz

Түркістан облысында жыл басынан бері 14 адам суға кеткен. Оның басым бөлігі кәмелет жасына толмаған бала. 

Түркістан облысында жыл басынан бері 14 адам суға кеткен. Оның 11-і кәмелетке толмаған болса, 8-і 2 жас пен 8 жас аралығындағы бала. Суға кетудің басым бөлігі ауылдық жерлерде орын алып отыр.

«Былтыр балалардың абайсызда каналдарға құлап кетуінің алдын алу мақсатында «Түркістан» магистралды каналының 18 шақырымына әр бір 500 метр сайын жалпы 24 баспалдақ орнатылды. Баспалдақтардың тұсына 4 метрлік құтқару арқандары ілінді. Мақтаарал ауданында «К-18» каналында 1200 метр және Қазығұрт ауданында «Газалкент» каналының екі жағынан 5 мың метр темір қоршаулар орнатылды», – дейді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бекболат Төреқұлов.

Шомылатын су арнасы жоқ ауылдарға былтыр 2,6 млн. теңге бөлініп, 28 модульді-каркасты бассейн сатып алынған. Қазір бассейн саны 71-ге жеткен. Биыл онда әлеуметтік аз қамтылған отбасының балалары тегін баруға жағдай жасалмақ. Сонымен қатар 23 коммуналдық жағажай ашу көзделіп отыр.

«Тұрғындар арасында суға шомылу ережелерін сақтау, қауіпті аймақтарға шомылмау жөнінде түсіндіру және ақпараттық жұмыстар жүргізілсін. Барлық аудан, қаладағы жұртшылық шомылатын орындардың картасын әзірлеп, сол аймақтарда қауіпсіздікті күшейту керек. Су нысандарын қоршау, балаларға арналған каркасты бассейндермен, коммуналды шомылу жағажайларымен қамту жұмыстары жандансын», – дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысында 15 мың шақырымнан аса су арнасы бар. Оның 5 мыңы елді мекендер маңымен өтеді. Былтыр 40-қа тарта адам суға ағып кеткен. Мамандардың сөзінше оның 50 пайызы ауылды жерде орын алған. Сондықтан төтеншеліктердің қатысуымен жыл басына бері 262 рет тұрғындармен кездесу ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілген.