Қауын-қарбыз жеуде сақ болыңыз!

Қауын, қарбыз, банан мен көкөністерді пайдаланғанда абай болыңыз. Аталған өнімдердің құрамынан нитрат қоспалары артық мөлшерде анықталып жатыр. Шымкенттегі Абай аудандық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының мамандары шаһардағы «Алаш» базарында болып, «Әр үйге қауіпсіз тағам» акциясын өткізді.

нитрат

«Алаш» базарында басталған арнайы акцияға келушілердің қатары таңсәріден-ақ қалың болды. Тегін тексерілген көкөніс пен бақша дақылдары, сондай-ақ, сүт өнімдері қышқылдық пен нитрат қоспалары бойынша сынамадан өтті. Сынақта сатып алушылармен қатар сатушылар да өз өнімдерінің құрамын біліп алды.

Ләззакат Асамова, сатушы: «Қаймақты тексерттім, сүтті тексерттім. Қымыранды, қымызды да тексерттім. Құрамы таза деп айтып жатыр.»

Дильшад Мамбетов, қала тұрғыны: «Картоп, пияз сатып алдым. Міне, сараптамадан өткіздім. Құрамы таза деді. Ал қауын-қарбыз алмадым. Өйткені, оның құрамында нитраттар дәл қазіргі күні автоматты түрде болады. Сондықтан, мен жылдағы әдетімше қауын-қарбызды тамыз айынан бастап жеуге дайындалып жүрмін.»

Шілде түсті деп, қарбыз сатып алуға асыға көрмеңіз. Кей дақылдардың құрамы таза болғанымен, басым бөлігінде химиялық қоспалар көп. Олар — бақша дақылдары мен көкөністер. Абай ауданына «Жібек жолы», «Алаш», «Жабық базар», «Жаңа шаһар» және «Самал» базарлары қараса, зертханашылар 5 базардың бәрін де тексеріп үлгеріпті.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=VWfvhni0ijg[/youtube]

Мәрияш Сейталиева, облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы: «Облыс көлемінде бүгінгі таңға дейін 3068 көкөніс пен бақша өнімдері тексерілді. Соның ішінен 140 көкөніс пен бақша өнімдерінен химилиялық қоспар бойынша оң нәтиже шығып отыр. Көбінесе бұл жерде қауын-қарбыздар мен көкөністер, алмалар мен банандардан да нитраттың артық көлемі алынып жатыр. Бірақ көп емес. Ал негізінде облыс бойынша біздегі оң нәтиже беру 4,5 пайызды көрсетіп отыр.»

Облыс бойынша азық-түлік өнімдері сатылатын 60 базар бар. Мамандар аптасына бір реттен барлық базарларды жыл бойы тексеретін боламыз дейді. Осылайша, жергілікті және Өзбекстаннан келетін өнімдердің құрамы анықталып отырмақ. Тұтынушылардың құқығын қорғаушы мамандар бұл уақытша құбылыс дейді. Кәсіпкерлер үшін жасалған мораторий біткен соң барлық бизнесмендердің өнімі қатаң тексерілетін болмақ.