Қос бүлдіршінімен көшеде қалған 21 жастағы ана көпшіліктің көмегіне зәру. Жасынан жетімдіктің дәмін татқан әйел бірнеше ай бұрын маскүнемдікке салынған күйеуімен айрылысыпты. Сол кезден Қайнар бұлақта баспана жалдап тұрған олар қазір барар жер таппай отыр.
Бір жыл бұрын 21 жастағы Марина Поветьева қолындағы кішкентайларымен көшеде қалған. 11 жасынан жетімдіктің зардабын тартқан азаматшаға көмек қолын созатын туыстары да табылмапты. Марина және оның 2 баласының мүшкіл жағдайымен танысқан бейтаныс әйел ғана Қайнар бұлақ саяжайындағы үйінің 2 бөлмесін паналауға беріпті.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=WImYu8czwXo[/youtube]
Марина Поветьева: «Мен мұнда пәтерақы төлемеймін, бірақ арамтамақ болмаудың амалы үшін үй жинап, тамақ істеймін. Кілемдер мен көрпе төсектерді де жуамын. Үй шаруасын атқарып жүрмін.»
Марина балаларымен жайғасқан аядай бөлменің бар жиһазы үй иесіне тиесілі. Балалары ұйқыға жатқан соң Марина үй шаруасына кіріседі. Ақыға кір жуады. Тапқан қаржыны дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсайды екен.
«Менің қызымның бас сүйегінің ақауы бар, бір қорап дәрі 3000 теңге тұрады. Ал ұлымның жүрегі ауырады.»
Марина тұрғын үй кезегіне де тұрмаған. Себебі қызының құжаттарын ұзақ уақыт іздеген. Оны түгендеп біткенде жұмыспен қамту орталығы биыл құжат қабылдау науқаны аяқталғанын айтыпты.
Айша Қамбарбекова, Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары: «Қосымша 108 пәтерлік тұрғын үй және 50 пәтерлік жатақхана салуды облысқа ұсындық, облыс мұны министрлікке ұсынып отыр. Егер министрлік тарапынан мақұлданатын болса, Алла бұйыртса, келесі жылдары үй беріп қалу жоспарымызда бар.»
Жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, келер жылы «Қолжетімді баспана — 2020» бағдарламасы бойынша тағы 2500 пәтер беріледі. Оның 600-і ата-анасының қарауынсыз қалғандар үшін қарастырылыпты. Ал қазіргі уақытта бұл орын үшін 800 жетім жас кезекте тұр.