ҰБТ-дағы түсініксіз болған сауалдар

27-002Білім және ғылым министрлігі 2014 жылғы ҰБТ-ның қорытындысын жасады. Биылғы сынақ та дау-дамайға толы болғанымен, шенеуніктердің сөзінше, 2014 жылдың тестілеуі – ҰБТ тарихындағы ең үлгілісі болыпты. Десек те, министрліктегілер Ұлттық бірыңғай тестілеуде 64 дұрыс емес сұрақ болғанын растады.

Сынақ кезінде аппелляциялық комиссияға 402 шағым келіп түскен. Түлектер осыншама сұрақты дұрыс емес деп тапқан. Алайда, шенеуніктер тек 64 шағымды ғана қанағаттандырды. Шағымдардың дені орыс тілі, математика және Қазақстан тарихы пәндеріне қатысты.

Ұлттық тестілеу орталығы тест тапсырмаларында еш кінәрат жоқ екендігін айтудан танбады. Олардың сөзінше, қателіктер тест кітапшаларын дайындау барысында жіберілген.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Абдиев: Тест сұрақтары таралмау үшін кітапшаларды өз баспаханамызда басып шығарамыз. Мысалы, физикадан сызбанұсқа анық басылмай қалған. Орыс тілінен сөздің асты сызылмаған. Міне, осындай қателіктер болды,-дейді.

Алайда, түлектер мен олардың ата-аналары тарапынан тест сұрақтарындағы мазмұндық қателіктер жайлы шағымдар толастамады. Қазақстандықтар үшін танымал дау – Қазақстан тарихы бойынша қойылған сұрақ болды.

Қызылжарлық түлек Айнұр Серік «Сыра зауыты қашан ашылған?» деген сұрақ кездескенін, жауап нұсқалары дүдәмал екенін айтып шағымданған еді.

Алайда, арада апта өтпей жатып Айнұр Серік өз шағымын кері қайтарып, өз сөзінен бас тартты. Білім және ғылым министрлігінен кешірім сұрады. Министрлік Айнұр Серіктің кешірім сұрап жазған хатын жария етті.

Айнұр Серік болса, хатты өз еркімен емес, вице-министрдің өтінішімен жазғанын айтты. Министр Аслан Сәрінжіпов хатты жұртшылыққа жария етіп, өз баспасөз қызметінің шектен шыққанын мойындады.

Әйткенмен, жер-жерлерден қате сұрақтар бойынша арыз-шағымдар әлеуметтік желілер мен сайттарда бой көрсетіп қалды.

«Жақсы» порталында биыл мектеп бітірген Еңлік Нұрланқызы есімді ҰБТ тапсырушы қыздың хаты жарияланды.

Жас түлек өзіне және өзінің таныстарының тест кітапшаларында кездескен қате сұрақтардың бір парасын мысалға келтіріпті. Жолданған сұрақтарды «Жақсы» порталы өз тараптарынан талдаған. Сұрақ пен талдауды ықшамдап, қатар ұсынып отырмыз.

1-мысал. Сұрақ: 

ХХ ғ. 90-жылдары Қазақстанда саяси қозғалыстар қызметін тәр-тіпке келтіру мақсатымен қабылданған заң:

Жауабы: 

«Қазақ КСР-індегі қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңы.

Енді осы сұрақты талдап көрейік. «Мектеп» баспасынан 2013 жылы шыққан 9-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығының 209-бетінде: «1991 жылдың маусымында «Қазақ КСР-індегі қоғамдық бірлестіктер туралы» заң қабылданды» — деп қана көрсетілген. Аталған заң шын мәнінде 1991 жылдың 27 маусымында қабылданған және заңның мақсатында ешқандай саяси қозғалыстар қызметін тәртіпке келтіру жайлы көрсетілмеген.

Ал «Атамұра» баспасынан 2013 жылы шыққан 9-сынып оқулығының 279-бетінде: «Сая-си қозғалыстар қызметін тәртіпке келтіру мақсатымен (Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ІV сессиясы, 4-27 маусым 1990 жыл) Қоғамдық бірлестіктер туралы заң қабылданғаны көрсетілген. Бұдан туындаған ой:

Біріншіден, «Мектеп» бас-пасы мен «Атамұра» баспасынан шыққан екі кітаптағы екі түрлі тарихи деректен кімге пайда?! Бұл бәсеке ме, әлде баланы шатастыру ма? Егер тест сұрақтары алдын ала берілген болса, онда оқушыны ізденбеген деп айыптауға болар еді.

Екіншіден, аталған заңның өзінің толық нұсқасында келті-рілген мақсаттар ішінде, яғни, заң қамтыған мәселенің арасында нақты саяси қозғалыстар қызметін тәртіпке келтіру көрсетілмеген. Дәл осы сауалды құрастыруда білім тексеру емес, қинау, қателестіру мақсаты ғана тұрғандай көрінеді. Мұндай сұрақтардың жауабын сағаттар бойы ойлануға болады, ал 40 секундта жауабын табу қисынсыз сияқты. Тіпті, оқулықта кездеспеген күнде де, сұрақ қисынмен табарлықтай болу керек емес пе?

2-мысал. Сұрақ: 

«1812 жылғы Отан соғысы кезінде ерен ерліктің үлгісін көрсеткен жасауыл»

Жауабы: 

Ықсан Әубәкірұлы

Мұндағы жауап нұсқаларында 1812 жылғы соғысқа қатысқан 5 адамның аты-жөні келтірілген. Олардың қай-қайсысы да “ерен ерліктің үлгісін көрсетті” деп айтуға лайықты. Сонда дұрысы қайсы? Жауабын оқулықтағы сөйлемнің ішінен таптым. Ықсан Әубәкірұлы есімінің қасында “ерен ерліктің үлгісі” деген сөз бар екен. Сонда енді оқушыларға тарих оқулығын түгел үтір-нүктесіне дейін жаттау қалып тұр. Шынтуайтында, ерліктің “ерен” болуы немесе “көзсіз” болуы тарихи факт емес, автордың сөз қолданыстағы жеке пікірі ғана.

Әрине, о бастағыдай, аттың тісі, иттің түсі деген сұрақтар жоқ қазір. Дегенмен, пәнді күрделендіре түсу мақсатында құрастырылған осындай кейбір мақсатсыз, яки бұлдыр сұрақтар жалғыз балға мұқтаж біраз адамға қолбайлау болғаны жасырын емес…”

Еңліктің аталмыш хатты жол-дауының өзіндік себебі де жоқ емес екен. Ол тарих пәні бойынша бестік межеге жалғыз балы жетпей, соның салдарынан қол созымда тұрған «Алтын белгіге» ілікпей қалғанын айтады. “Өзім қорқақтап жүрген математика мен химиядан сүрінбей, жыл бойына 23-тен кем алмай келген тарихтан құлағаным қынжылтады” дейді ол хатында.

Тұтастай алғанда, ҰБТ қорытындысы бойынша Алматы, Астана және Ақтөбе облыстары алға шықты. Бұл үш аймақта Республика бойынша жоғары көрсеткіш тіркелді. Физика және биология пәндерін қосымша пән ретінде таңдаған түлектердің үлесі көп болды.

Дегенмен, Аслан Сәрінжіповтің айтуынша, алдағы жылдары ҰБТ форматы өзгеріске ұшырайды.

«Қандай өзгеріске ұшырайтыны әлі белгісіз. Бірақ, ҰБТ-ға көп жағдайлар байланысты болып отыр. Сондықтан, біртіндеп ол жүктемелерді алып тастауымыз керек. Мәселен, тестілеу нәтижесі бойынша бітіруші түлектің білімі анықталады. Алтын белгі ақталды ма, жоқ па, ол да тестілеуге байланысты. Мұғалім, мектеп, аймақ жұмысы осымен бағаланады. Мұның барлығы қысым. Алдағы жылдары ҰБТ-ны күйзелісі аз етіп ұйымдастыруымыз керек»,- деді ҚР Білім және ғылым министрі.

Министрдің айтуынша, сынақ мерзімі бір жылды қамтиды. Сынаққа еліміз бойынша 30 мектеп қатысады. Ал 2016 жылы аталған жаңа стандарттар іс жүзінде білім жүйесіне енгізіледі.

2014-2015 оқу жылына жоғары бiлiм алуға 34 115 грант бөліндi. Министрлiктiң мәлiметi бойынша, 12 мың орын техникалық ғылым және технологиялық мамандықтарға, 5 мыңнан астам грант – педагогикалық мамандықтарға, 2650 орын ауыл шаруашылығы және ветеринарлық салаларына беріледі.

Жәнібек НҰРЫШ