«Нұрсәт» шағынауданындағы №135 А, Б, В үйлерінің тұрғындары пәтерін басқан судан азар да безер. Алғашында ауызсудың қысымының төмендігіне налыған жұрт енді түнде қысымы көбейіп, құбырлардан атқылап жатқан судан құтыла алмай отыр. Естеріңізде болса, бұл үйлер өткен жылы жетім балалар мен болашағы жоқ ауылдардан келген азаматтарға берілген болатын.
Оразгүл Асанованың отбасы 3 күннен бері дұрыс ұйқы көрмеген. Екінші қабаттағы пәтердің құбырынан аққан судың кесірінен үйі көлге айналыпты. Келешегі жоқ ауылдан былтыр ғана көшіп келген олар өздерін мұнда бақытты болашақ күтіп тұрғанына сенімді еді. Алайда, төтеннен келген мына келеңсіздік ол қуанышын су сепкендей басты.
Оразгүл Асанова, №135 үйдің тұрғыны: «Осы үйді алған кезімде қуанғанмын. Әкімге де қанша рет рахмет айттым. Енді қуанышымыз бір жылға жетпеді ғой. Ұйықтай алмаймыз түн баласында. Қай күні қызыма барғам. Барсам, ол жақты да су алып кетіпті. Бұл жаққа келсем, бұл жақты да су басқан. Жуынатын бөлмені мүлде айтпай-ақ қояйын. Үйдегі кілемдерді күнде жаям. Бояуы оңып, түрінен-түр қалмай барады. Мына заттарымыз шіріп кетсе масқара ғой. Ішпей-жемей алдық қой соның бәрін.»
Қысымға шыдамай жатқан — пәтерлердегі су жылытқыш құбыр. №135 үйдің 300-ден астам пәтерінің барлығында дәл осындай көрініс. Бастапқыда жоғары қабаттарға су жетпей жатыр деп шағымданған халық енді жоғарғы қысыммен берілген судан зардап шегіп отыр. Су есептегіш құралдарынан да су сорғалап тұр. Шылқыған судан азар да безер болған тұрғындар құбырдың тарлығын алға тартып, құрылыс компаниясын кінәлап отыр.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=2ehZI2yWo2k[/youtube]
Сергей Грошев, мердігер компанияның учаске басшысы: «Су жылытқыштардың технологиясы солай жасалған. Яғни, судың қысымы артса, артық су сыртқа ағады. Ондай кезде су жылытқыштардың құбырындағы шүмектерді жауып қою керек. Су берушілер кеше судың қысымын реттеді. Құбырлар жарылған жоқ. Сондықтан бұл жерде құрылысшылардың кінәсі жоқ.»
Ал су берушілер басқа уәжді алға тартады.
Жақсылық Елеусізов, «Су және кәріз жолдары» МКК «Нұрсәт» шағынауданындағы учаске басшысы: «Су қысымына шыдау керек пәтер ішіндегі құбырлар. Кез келген уақытта шыдау керек. Жобада қаралған ғой ол мәселенің бәрі. Ал өздерінің кері клапандары жарылып жатыр дейді. Біздің кінә емес. Дұрыс жалғанбаған ба немесе жаңағыдай сапасы жоғын салды ма, сондай болу керек… А мен суды 4,5-5-ші қысыммен берсем, жоғарыға су көтерілмейді. Тағы да шағым басталады.»
Сюжет эфирге дайындалып жатқанда жауапты мекемелер тарапынан құбырлардағы ақаудың жөнделіп, судың қысымы реттелгені туралы хабар жетті. Қазір тіршілік нәрі 9-қабатқа дейін еш қиындықсыз жетіп жатқан көрінеді. Құбырлар да қысымға шыдас беріп жатыр екен. Бірақ, жергілікті жұрттың қанша уақытқа дейін тыныштық сақтап отырары белгісіз. Өйткені, пайдалануға берілгеніне жылға толмаған үйден мұнан өзге де шикіліктер көптеп шығып жатыр деседі…