Шілденің 23-інен 24-не қараған түн — мың айдан да қадірлі Қадір түні. Оразаның 27-ші түні мұсылман қауымы Жаратушыдан тілек тілеп, құлшылық етеді.
Шымкент тұрғындарының бірі — Шолпан Лесбекова мыңнан қайырлы түнді күтуге ерекше ден қоятынын айтады. Дайындықты таңсәріден бастап кетіпті. Алдымен үй ішін жинастырып, адыраспан тұтатып, тазалап шықты. Одан соң міндетті түрде иіс шығарып, жеті шелпек пісіруге кірісті. Кешкісін отбасымен бірге Құран аяттарын оқып, жаратушыдан тілек тілеп, уағыздар тыңдауға ниетті. Бұл түні көктегі перештелер жерге түсіп, тілеген дұға-тілек қабыл болады деген сенімі мол.
Шолпан Лесбекова: «Иіс шығарып, Құран оқытып, Жаратушыдан отбасымыздың төрт көзі түгел отырып, тілейміз. Балаларым бүгін Қыдыр ата келеді деп асыға күтуде.»
Көп балалы ананың ниетін имамдар да құптайды. Пенделер үшін бұл түні Жаратушыдан кешірім сұрап, ғибадатпен құлшылық жасау бұйрық етілген. Қыдыр атаны күтудің өзі де жақсы наным дейді олар.
Тимур Аманқұлов, Әл Біләл мешітінің имамы: «Қыдыр баба — ол жақсылық, ізгілік. Ол Алладан кешірім тілеу деген мағынада қолданылған бір тұлға. Сондықтан, бұл Рамазан айының ішінен Қадыр түні ықыласпен Қыдыр баба келетіндей күтсе, ол ұйықтап қалмай, ғибадат құлшылықпен өткізгендей болады. Сондықтан қазақта Қыдыр баба келеді деген сол мағынада айтылған.»
Бұл түні әр мешітте уағыз айтылып, Құран оқылады. Ең бастысы, ниеттің жақсы болғаны ләзім.
Осы тұста айта кетейік, «Отырар» телеарнасының эфирінде түнгі сағат 12:00-ден кейін Қадір түніне байланысты бағдарлама көрсетіледі. Онда қасиетті түн туралы сюжетті тамашалап, қала тұрғындарының пікірлерін ести аласыздар. Мұнымен қоса студияға қонаққа келген имам Қадір түні мен Ислам дініне қатысты құнды мәліметтер айтады.
[youtube]www.youtube.com/watch?v=1AA0XXhPgDg[/youtube]