Бозарықта құбыр бар, ал су жоқ (видео)

375

Шілденің шіліңгір ыстығында Бозарық саяжайының тұрғындары ішуге су таппай отырмыз дейді. Олар таяуда тағы да үдере көшеге шықты. Негізі, елдімекенді таза сумен қамтамасыз ету мақсатында 2012 жылы бюджеттен бір миллиард теңгеден астам қаржы қаралған еді. Оған ішкі су жүйесі жүргізілген.

005

Алайда сол жүйемен ағатын су болмағандықтан, құбырлар жер астында жатып, шіруге айналды. Тіпті, құрылысы аяқталған «Солтүстік» су магистралінің өзі де тұрғындардың пайдасына жасалмаған секілді.

[youtube]www.youtube.com/watch?v=tJ3e4nRKuV8[/youtube]

Жерлестеріміздің шыдамы таусылғандай. «Бозарық-2» және «Бозарық» саяжайларында бүгінде он мыңға жуық тұрғын бар. Бірнеше жыл бұрын мұнда су құбырлары жүргізіліп те қойған. Алайда, халық әлі күнге дейін ауызсуды сатып алып ішеді.

Биліктегілер 2012 жылы бюджеттен қомақты қаржы бөліп, салған жүйені іске қосуға судың көзі жоқ деп келді. Енді «Солтүстік» су магистралінің құрылысы аяқталғанымен, сапалы сумен қамту мүмкін болмай отыр. Су қоймасын салған мердігер компания мен ішкі су жүйесін жүргізгенжауаптылар олқылыққа бірін бірі кінәлаумен әлек.

[youtube]www.youtube.com/watch?v=3SG0liPDjcY[/youtube]

Жылдар бойы суға жарымаған тұрғындармен кездесуге Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов келді. Тіршілік көзінің болмауына тұрғындардың өздері кінәлі дейді ол. Айтуынша, жүйені қысыммен тексеру үшін жіберілген сумен тұрғындар егін-жайларын суғарып жатыр.

[youtube]www.youtube.com/watch?v=IN9-28yVa_8[/youtube]

Көпшілікті бұл сөздер одан бетер ашындырып жіберді. Халық «құбырдан су аққанын көрмедік. Ол ағып тұрса, байбалам салмас едік» дейді.

Сонымен, қазынаның қыруар қаржысы жұмсалып салынған құбырларды іске қосу мердігердің міндеті, ал көпшілік оған көмектесуі тиіс деп шешілді. Ауылдағы әр көшеден жауапты азаматтар сайланып, құбырлардың қалып-күйін анықтайтын болды. Олар өз кезегінде әкімдікке хабарлауы тиіс. Миллиардтаған қаржы бөлінген бұл жұмыстың нәтижесін тұрғындар сонда ғана көруі мүмкін. Ал оның нақты мерзімі белгісіз боп тұр.