«Ең үлкен дос». Облыстық қуыршақ театры осындай премьералық қойылыммен 31-маусымының шымылдығын жапты. Спектакльді тамашалауға келген көпшілік салтанатты шарада өнер ұжымына деген құрмет-ықыласын білдіріп, ой-пікірлерін айтуға мүмкіндік алды.
Театр әртістері бұл жолы ешқандай сахналық киімсіз, ойыншықтарсыз көрермен алдына шықты. Осылайша өнер ұжымы 31-маусымын қорытындылады. Жыл бойы жасаған жұмыстарын айтып, үлкен және кішкентай көрермендеріне есеп берді. Бұл олардың өнерге деген риясыз сүйіспеншілігін көрсетсе керек.
Антонина Малюченко, облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі: «Біздің бұл маусым 30 жылдық мерейтоймен тұспа-тұс келді. Біздің де, көрерменнің де есінде ерекше сақталды. Осы маусымда біз әуенмен сүйемелдеп, махабат туралы ертегіні қойдық. Еңбектің ерекшелігі сол — бір уақытта 2 тілде өрбіді. Әртістер ана тілінде еркін ойнады. Сазды қойылым көрермен таңдамайды, барлық жастағы адамдар үшін арнайы дайындалды. Мұнда тек қуыршақтар ғана емес, адамдар, вокал, хореография барлық қажеттінің бәрі табылды. Бұл — театр тарихындағы алғашқы әуендік қойылым, ұжымның жетістігі.»
Ұжым «Ең үлкен дос» атты премьералық қойылымын сахналады. Көпшілікті адал достыққа шақыратын еңбектің қоюшы-режиссері — Антонина Малюченко. Небәрі 3 әртістің қатысумен өрбитін шығармада кішкентай арудың жануарлармен достығы баяндалады. Ит және көбелекпен қоян-қолтық араласқан қыз пілмен де достасады. Бірақ басына қиындық туып, қолтырауынның жемтігене айналар кезде піл жанұшыра қашып кетеді. Достыққа қиянат жасайды.
Бақдәулет Серіков, көрермен: «Маған қойылымнан қыз ұнады. Оның кішкентай күшігі және көбелегі болады. Олар бірін-бірін құрметтіп, жақсы достаса біледі. Ертекте қыз күшікке тойдырып тамақ береді. Өте мейірімді болады. Ал піл маған ұнамайды. Себебі ол қызды құтқарған жоқ.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=uqyl-tIsUCI[/youtube]
Айта кетейік, облыстық қуыршақ театры бүлдіршіндер үшін бір маусым ішінде 6 бірдей премьералық спектакльді сахналаған. Қазір өнер ұжымы бір айлық демалысқа шықты. Ал келесі маусымның шымылдығын Мұрат Ахмановтың «Алдар көсенің айласы» премьерасымен түретін болады.